Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО жер қойнауын пайдаланушылары Қарттар күніне орай зейнеткерлер мен қарттар үйінің тұрғындарына көмек көрсетті

СҚО жер қойнауын пайдаланушылары Қарттар күніне орай зейнеткерлер мен қарттар үйінің тұрғындарына көмек көрсетті

October 2, 2026 09:51

Солтүстік Қазақстан облысының тау-кен өндіру саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар аға буын өкілдері мен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдауға бағытталған қайырымдылық акциясына қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Игі бастамаға белсенді қатысқан кәсіпорындардың бірі – «PTR Minerals» ЖШС. Кәсіпорын Петропавлдағы қарттар үйінің тұрғындарына гигиеналық құралдар мен жеміс-жидек себетін табыстады.

Жеке қолдауды қажет ететін зейнеткерлер де назардан тыс қалмады. Бір отбасыға алдағы жылыту маусымына қажетті отын және азық-түлік жеткізілді. Сондай-ақ тағы бір қарт тұрғынға азық-түлік көмегі көрсетілді.

Бұдан бөлек, «PTR Minerals» ЖШС шетелде емделуді қажет ететін азаматтың медициналық шығындарын өтеуге қаражат бөлді.

Қайырымдылық акциясына өңірдегі басқа да жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар қосылды. «Акжар Неруд» ЖШС Талшық ауылының ақсақалдарына арнап мерекелік дастархан жайды. Ортақ дастархан басында ардагерлер жылы жүздесіп, әңгімелесіп, өздеріне деген құрмет пен қамқорлықты сезінді.

Зейнеткерлерге «Шунгит Майнинг» ЖШС, «Актобе Гласс» ЖШС және «Акжар Майнинг» ЖШС қаржылай көмек көрсетті. Ал «Диорит ЛТД» ЖШС қарт адамдарға азық-түлік себеттерін табыстады.

«Әрбір қарт адамның өзіне деген назар мен қамқорлықты сезінуі біз үшін маңызды. Аға буынның артында – көп жылғы еңбек, өмірлік тәжірибе және қоғамымыздың дамуына қосқан үлесі бар. Зейнеткерлерге және қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсете отырып, біз оларға материалдық тұрғыдан ғана көмектесіп қоймай, алғыс пен құрметке лайық жандарға деген ізетімізді білдіреміз», – дейді қайырымдылық бастамасын ұйымдастырушылар.

Shares