Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Жеңіл ақша табуға» келген: Петропавлда алаяқтардың сыбайласына сот үкімі шықты

«Жеңіл ақша табуға» келген: Петропавлда алаяқтардың сыбайласына сот үкімі шықты

August 11, 2026 17:30

Петропавлда телефон алаяқтарына көмектескен Астана қаласының 20 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Telegram мессенджерінен «жеңіл жұмыс» іздеген жас жігіт Солтүстік Қазақстан облысына келіп, қылмыстық схемада курьер болған, деп хабарлайды QZ NEWS.

Алаяқтар кең таралған схема бойынша әрекет еткен. Олар қарт адамдарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, туыстары жол-көлік оқиғасына кінәлі болып қалғанын айтқан.

«Алданған азаматтар қолдарындағы барлық ақшасын беруге келіскен. Келтірілген шығын көлемі 1-ден 3 миллион теңгеге дейін жеткен. Олар ақшаны қылмыстық схемаға пайдаланылып жатқанын білмеген такси жүргізушілері арқылы «сәлемдеме» түрінде жіберген. Алайда «сәлемдемені» қабылдап, оны келесі «курьерге» жеткізу үшін алаяқтарға сыбайлас қажет болған», – деп хабарлады СҚО ПД.

Екі күн ішінде қаскөй үш «сәлемдемені» алып, оларды алдын ала белгіленген жерлерге жасырған. Жәбірленушілердің арызынан кейін полиция күдіктінің жеке басын жедел анықтап, курьерді ұстады.

Сот оны кінәлі деп танып, келтірілген шығынды ішінара өтеу міндетімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Полиция  күмәнді жұмыс ұсыныстарына келісу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екендігін ескертеді

Shares