Желіде Алматыдағы автобус жүргізушісін ұру сәті жарияланды
Алматыда №47 бағыттағы автобусты жүргізген әйелді ұру сәті желіде пайда болды, – деп хабарлайды QZ Media тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Кадрда жолаушы мен жүргізушінің жанжалдасып қалғанын және көп ұзамай ер адамның жүргізушіге жұдырық ала жүгіргенін көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, әйел бетінен бірнеше соққы алған. Соның салдарынан есінен танып қалған. Яғни, автобус басқарусыз қалған. Ер адам ашуға мінгені соншалық, өзін тыныштандыруға тырысқан басқа жолаушыларға да агрессивті жауап қатқан.
Ретімен баяндайық, желтоқсанның 22-сі күні кешкілік автобус №7 қалалық аурухананың жанындағы аялдамада бірнеше адамды соқты. Жанжал кезінде №47 бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші-әйелді ұрды. Ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған. Осының салдарынан қоғамдық көлік аялдама маңында адамдарды және төрт көлік соқты.
Үш ересек адам жабық бассүйек-ми жарақатымен, бас миының шайқалуымен және сол жақ жамбас сүйегінің сынығымен №7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды.
Ал автобус жүргізушісін ұрып, есінен тандырған ер адамға қатысты екі бірдей қылмыстық бап бойынша іс қозғалды.
Автобусты басқарған әйелдің әкесі қызының есімі Ермек екенін айтты. Екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған азаматша 10 жылдан бері автобус, троллейбус жүргізеді екен.