Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » Қазақ театрында түрік режиссері қойған “Сараң” комедиясының премьерасы өтті

Қазақ театрында түрік режиссері қойған “Сараң” комедиясының премьерасы өтті

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Жан-Батист Молиердің пьесасы негізінде әзірленген “Сараң” комедиясының тұсаукесері өтті. Қойылымның сахналануына түрік режиссері Кубилай Ерделикара зор еңбек сіңірді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Біз 2023 жылы Грузияға Нодар Думбадзе атындағы халықаралық театр фестиваліне бардық, сонда Ыстамбұлдан келген режиссермен таныстық. Кубилай Ерделикара қазылар алқасының құрамында болды. Сол жерде келіссөздер жүргізілді. Спектакль классикалық шығарма негізінде қойылды. Мұндай қойылымдар театрға қажет, олар арқылы актерлер өседі. Кубилай Ерделикара – Еуразиялық театр қауымдастығының хатшысы. Сонымен қатар, ол Түркиядағы театрдың көркемдік жетекшісі”,-деді С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев.

“Мен Қазақстанда бір рет қана болдым. Оның өзінде жол-жөнекей тоқтадым. Бұрындары бірлескен жұмысқа шақырған емес. Бірақ фестивальдер арқылы сіздердің елдеріңізде театрлардың деңгейі жоғары екенін білемін, сондықтан ынтымақтастық орнату мен үшін қызықты болды. Спектакль 15 күнде әзірленді. Көрермендерді таң қалдыру үшін көп жұмыс жасадық”, – деді “Сараң” спектаклінің режиссері Кубилай Ерделикара.

Қазақ театрының директоры Біржан Жалғасбаев ұжымға қысқа мерзімде тың туындыны өмірге әкелу өте қиын болғанын, бірақ міндет орындалғанын атап өтті. “Сараң” комедиясы бір жарым сағатқа созылады. Спектакльдің хореографы – “Sensitive” би театрының көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова.

Shares