Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдағы НЗМ түлектерінің 95 пайызы отандық және шетелдік ЖОО-ның грант иегері атанды

Петропавлдағы НЗМ түлектерінің 95 пайызы отандық және шетелдік ЖОО-ның грант иегері атанды

2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 59 түлегі қалаған жоғары оқу орындарына түсті. Қыз-жігіттер білім алуды отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында жалғастырады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 түлегі Жапония, Гонконг, Италия, Малайзия, Венгрия және Чехия елдерінің жетекші университеттерінен шақырту алды. Мектеп тарихында алғаш рет Камила Бекқожина есімді түлек Токио халықаралық университетінің грантына ие болды. Ал Олжас Құсайын Азиядағы ең үздік университеттердің бірі – Гонконгтағы Сити университетінің толық стипендиясын жеңіп алды. Қазақстандық жоғары оқу орындарына 47 студент түсті.

«НЗМ-нің 16 түлегі еліміздің ең үздік университеті – Назарбаев Университетінің грант иегері атанды. Сондай-ақ 31 түлек Қазақстанның жоғары оқу орындарында білімін жалғастырады. Оның ішінде 30 бала мемлекеттік грантқа ие болды. Студенттер арасында ең танымал университеттер: Назарбаев Университеті, Сулейман Демирел университеті, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Астана IT университеті», – деді Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев.

Түлектер мамандықтардың әртүрлі бағытын таңдады. Дәстүр бойынша олардың көпшілігі инженерлік және IT салаларын меңгереді. 15 пайызы медицинаға түсті, 14 пайызы ғылымды таңдады. Түлектердің 13 пайызы экономикалық мамандықтар бойынша білім алса, тағы 7 пайызы гуманитарлық бағытты таңдаған. НЗМ түлектерінің әлемдегі үздік университеттерге түсу үрдісі де жалғасын тапты. Биыл QS рейтингінде жүздікке енген ЖОО-ға 2 студент түсті

 

Shares