Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » «Балаларды және өзіңнің сүйікті жұмысыңды жақсы көру керек»: ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері Ризабек Какпенов пікір білдірді

«Балаларды және өзіңнің сүйікті жұмысыңды жақсы көру керек»: ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері Ризабек Какпенов пікір білдірді

Какпенов Ризабек Жазитұлы Солтүстік Қазақстан облысының білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде тәжірибелі педагог Айыртау ауданында, сондай-ақ Петропавлда түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Ризабек Жазитұлы бұл мамандықты әкесі мен ағаларына қарап таңдаған, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Мен көпбалалы отбасыдан шықтым. Әкем Какпенов Жазит Какпенұлы 40 жылдан астам білім беру саласында жұмыс істеді, соның ішінде шамамен 20 жыл Комаровка, одан кейін Лавровка мектептерінің директоры болып жұмыс істеді, 1992 жылы еңбек сіңірген демалысқа шықты. Оның оқушыларының арасында бүкіл Қазақстан бойынша және шетелде еңбек ететін мұғалімдер, дәрігерлер, құрылысшылар мен әскерилер бар. “Қазақ КСР-інің ағарту ісінің үздігі” белгісімен, тыл еңбеккері ретінде көптеген грамоталармен және медальдармен марапатталған”, – деді Ризабек Какпенов.

1977 жылы мектепті бітіргеннен кейін біздің кейіпкеріміз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына физика-математика факультетіне түсті, 1981 жылы жоғары оқу орнын үздік бітірді, алған білімін бірден тәжірибеде қолдануға шешім қабылдады.

“Заря, сосын Шоқ-Қарағай мектептерінде математика және физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Аудандық методика кабинетіне әдіскер ретінде шақырылып, 1987 жылы меңгеруші болып тағайындалдым. Бұл білім беру саласындағы реформалардың қызықты кезеңі еді. Алғашқы тәлімгерлердің ішінен Александр Васильевич Кленовты, Темір Іргебайұлы Іргебаевты атай аламын. Бес жылдан астам Рузаев ауданы білім бөлімінің меңгерушісі, сосын Саумалкөл ауылындағы №3 орта мектептің директоры, Айыртау ауданының білім бөлімінің басшысы болып жұмыс істедім. Аудандық мәслихат депутаты болып сайландым, тексеру комиссиясының төрағасы да болды. Көптеген тамаша педагогтар менің жадымда қалды, олар – нағыз кәсіп иелері. Қиын-қыстау шақта маған ақыл-кеңес берді, осы күнге жетуіме септесті”, – дейді Ризабек Жазитұлы.

Ризабек Какпенов 2006 жылдан 2018 жылға дейін Петропавл қаласындағы облыстық балалар үйінің директоры болып жұмыс істеді. Тәжірибелі педагог мекеме ұжымымен бірлесе күн-түн демей тер төкті. Олардың негізгі мақсаты балалар болашақта еңселерін тік ұстап, өздерінің даму баспалдақтарымен қиындықсыз көтерілу үшін мекемеде тиісті жағдай жасау болған. Ризабек Жазитұлы атап өткендей, көптеген балалар Петропавл, Астана, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарына, сондай-ақ облыстың колледждеріне түсті, жұмысшы мамандықтарын алды. Көп жылдық тәжірибесі бар педагог өз түлектері туралы ерекше ықыласпен айтады. Айтпақшы, олардың кейбіреулері бүгінде педагог болып еңбек етуде.

“Қазіргі уақытта табысты адам атанып, қоғамымыздың түрлі салаларында еңбек етіп жүрген түлектер туралы әрдайым мақтанышпен айтамын. Балалар үйінде салауатты өмір салтын қалыптастыру мен спортты дамытуға баса назар аударылғанын бәрі білуі тиіс. Дене шынықтыру пәні мұғалімі Рогозина Наталья Владимировнаның басшылығымен баскетбол, үстел теннисі, футбол бойынша жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Дәл осы спорт түрлері бойынша көптеген адамдар ҚР құрама командасының қатарына кіріп, спорт шеберлігіне үміткер атағын иеленді”, – деді ол.

2018 жылы Ризабек Жазитұлы Петропавл қаласындағы № 2 арнайы мектеп-интернатында ұйымдастырушы-педагог болып жұмыс істей бастады. Ал 2019 жылдың ақпанынан бастап мектеп-интернаттың директоры атанды. Ол дәл осы лауазымда 20 жыл жұмыс істеген Николай Петрович Хованскийді алмастырды. Басшы зейнетке шықты.

“Шығармашылық өсу мақсатында педагогтар түрлі байқауларға, семинарларға, конференцияларға, соның ішінде халықаралық конференцияларға қатысуды жандандырдық. Қазіргі уақытта педагогтардың 70% -дан астамы әртүрлі педагогикалық шеберлік дәрежесіне ие. Ұжымға жұмыс істеу кезінде балалар үшін тең мүмкіндіктер әлемін құру міндеті қойылды. Осы мақсатта балаларды облыстық және республикалық конкурстарға, жарыстарға қатыстыра бастадық. Осылайша, біздің оқушылар «Майский ветер» халықаралық байқауында табысты өнер көрсетіп, төрт жыл бойы бірінші орынды иеленді. Республикалық кезеңде 20-дан астам жүлделі орын бұйырған А.С.Пушкин мен С.А.Есениннің өлеңдер байқауына
үлкен қызығушылықпен қатыстық. Балалар қолданбалы өнер, бейнелеу өнер қызметінің барлық байқауларына қуана қатысады”, – деді тәжірибелі педагог.

Ризабек Какпенов № 2 арнайы мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері «Жұлдызай» және «Спешиал Олимпикс» республикалық байқауларына қатысқанын, оқушылар юнифайд-баскетбол, футбол бойынша екі жыл қатарынан республикада екінші орын алғанын да айтты. Спикердің айтуынша, үш жыл ішінде балалар «Қазақ халқының ұлы ағартушылары», «Петропавл – сүйікті қалам», «Солтүстік Қазақстанның белгілі спортшылары» тақырыптары бойынша жобаларды әзірледі.

Ризабек Какпенов балалармен жұмыс істеген жылдары көптеген марапат алды. Бұл – ҚР Президенті Н.Назарбаевтың алғыс хаты, “Шапағат”, “Ерен еңбегі үшін”, “Қазақстан патриоты” медальдары, “ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Ы.Алтынсарин”, “ҚР кәсіподақтарының жұмысына қосқан үлесі үшін”, “Балалар спортын дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгілері. Ризабек Какпеновтың есімі «Тарихтағы есімдер» кітабына енгізілген. Білім саласының құрметті қызметкері педагогикалық тәжірибе уақыт өте келе келеді деп есептейді. Ризабек Жазитұлы істі енді бастаған мұғалімдерге аз-маз кеңес берді

“Күмәнданудың қажеті жоқ. Балаларды және өзіңнің сүйікті жұмысыңды жақсы көру керек, сонда бәрі жақсы болады”, – дейді Петропавл қаласындағы № 2 арнайы мектеп-интернатының директоры Ризабек Какпенов.

Shares