«Ұстаз ретінде дамыдым – мен бақыттымын»: Айыртау ауданындағы балаларды қолдау орталығының музыкалық жетекшісі Галина Клецко балаларға патриотизм мен мейірімділікке үйретеді
Айыртау ауданында орналасқан қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығының тәрбиешісі және музыкалық жетекшісі Галина Клецко өз жұмысы туралы зор ықыласпен және сүйіспеншілікпен айтып берді. 32 жылдық еңбек өтілі бар педагог жұмысын шын жүрекпен жақсы көреді. Елу балаға «музыкалық ана» атанардың алдында ол басқа да білім беру ұйымдарында жұмыс істей алды. Ұстаз – Көкшетау музыка училищесінің баян сыныбы бойынша түлегі, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Менің еңбек жолым 1992 жылы басталды, Володаровка ауылындағы балалар музыка мектебіне жұмысқа орналастым. Бір жыл жұмыс істеген соң «Колосок» балабақшасына музыкалық жетекші болып жұмысқа тұрдым. Ол жерде 2009 жылға дейін жұмыс істедім, содан кейін қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығына ауыстым”, – дейді тәрбиеші және музыкалық жетекші Галина Клецко.
Ол кезде Балаларды қолдау орталығында тек педагогтар үшін хор құру жоспарланған екен, оған ұйымның басқа да қызметкерлері кіреді. Сонымен қатар, балаларға да арналған хор құрылады.
“Бізде балалар белсенді, барлық шараларға қатысады. Хордың құрылатыны туралы жаңалық оларды қатты қуантты, себебі орталықта жаңашылдық пайда болды. Хордан кейін вокалдық топтар құрылып, кейбір балалар жеке өнер көрсете бастады. Кесте бойынша хор аптасына екі рет болады, бірақ біз кез келген күні жиыла аламыз. Бұған тыйым салынбайды. Мерекелерге, іс-шараларға репертуар таңдаймыз”, – деп бөлісті Галина Клецко.
Хордың жас өкілдері көп жылдар бойы «Таңшолпан» республикалық вокалдық байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Олар жыл сайын «Есіл жұлдыздары» байқауында өнер көрсету үшін Петропавлға жол тартады. Қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығының хорында 50-ге жуық ұл мен қыз бар. Хордың репертуары әртүрлі. Балалар қазақ және орыс тілдерінде ән айтады.
“Балалар хорға сүйіспеншілікпен келгісі келеді. Сабақтар олардың есте сақтау қабілетін дамытады, олардың көңіл-күйі көтеріледі, рухани-адамгершілік тұрғыда да дамиды. Оларға Отанға, жақын адамға, музыкаға сүйіспеншілікпен қарау керектігін жиі айтып, тәрбиелеуге тырысамын. Олар түрлі эмоцияларды бастан кешіруге үйренеді, түрлі әндерді орындау кезінде қуана да және қайғыра да алады. Мен 5 жыл оқыған музыка мектебіне түскенде, жақындарым маған: «Музыка – рухани қорек, сен адамдарға қуаныш әкелесін» деді. Мен балалармен жұмыс істеуден моральдық рахат аламын, ал қандай да бір табыстарға қол жеткізсек, төбем тіпті көкке жетеді. Ұстаз ретінде мен бақыттымын”, – деді Айыртау ауданында орналасқан қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығының тәрбиешісі және музыкалық жетекшісі Галина Клецко.
Балаларды қолдау орталығының ересектер ән салатын хор вокалистері үлкен жетістіктерге жетіп, дамуын әрмен қарай жалғастыруда. 2016 жылғы 8 желтоқсан күні ұжым Петропавл қаласындағы Н.Погодин атындағы орыс драма театрында өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концертіне қатысты. Орталық қызметкерлерінің хорына бас жүлде мен екі миллион теңгелік сертификат табыс етілді. Ал 2024 жылғы 12 маусымда облыстық көркемөнерпаздар байқауында Айыртау ауданының балаларды қолдау орталығының хорына «Халықтық» жоғары атағы берілді.