«Нәтижеге жету үшін, еңбек ету керек», – дейді Мамлют ауданының тұрғыны, механизатор Александр Помозов
59 жастағы Александр Помозов Мамлют ауданындағы «Новомихайловское 2003» ЖШС-де механизатор болып жұмыс істейді. Оның әкесі де осы саланың маманы болған. Егістік жұмыстарын жаны сүйетін Александр Михайлович ұлын да осы жұмысқа баулуда, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Өмір бойы ауылда тұрамын, егістікте жұмыс істегенді ұнатамын. Алғашында «Новомихайловский» кеңшарында жұмыс істедім, кейін ол шаруашылыққа айналды. Біздің салада көп нәрсе Жер-Анаға байланысты, бірақ нәтижеге жету үшін аянбай еңбек ету керек», – дейді «Новомихайловское 2003» ЖШС механизаторы Александр Помозов.
Александр Михайлович өз шаруашылығындағы механизаторлардың барлығы шетелден әкелінген техниканы пайдаланатынын, олар үнемі жаңартылып тұратынын атап өтті. Биылғы жылы «Новомихайловское 2003» ЖШС екі «Claas» комбайнын сатып алды.
«Маған жұмыс жағдайы ұнайды, мен заманауи техникамен жұмыс істей алатыныма қуаныштымын, еңбекақы өсіп жатыр, бонустар бар. Біздің шаруашылық жастар үшін тұрғын үй салып жатыр. Жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған», – деп атап өтті Александр Михайлович.
Биыл «Новомихайловское 2003» ЖШС егін жинау науқанына 11 механизатор жұмылдырылды.
«Биыл ауа-райының қолайсыздығына байланысты астық жинау қиынға соқты, бірақ, ашық күндері егінді тез жинап алуға тырыстық. Жақсы өнім алдық. Жастар механизатор мамандығын сирек таңдайды. Жігіттерді техникаға үйретуден аянбаймын. Кейбірі қалады, ал басқалары бұл жұмыстан кетіп жатады»- дейді «Новомихайловское 2003» ЖШС механизаторы Александр Помозов.