Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтілді
19 қазанда Қазақстанда құтқарушылар кәсіби мерекелерін тойлайды. Мемлекет басшысы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін құттықтады, деп хабарлайды Qz Media тілшісі.
«Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 қазандағы № 2541 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Бұл күн азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күні.
Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушы жұмысы ұдайы тәуекелмен және үлкен жауапкершілікпен байланысты екенін атап өтті.
«Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін Құтқарушы күнімен құттықтаймын! Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға бақ-береке тілеймін!» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өз парақшасында.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов та әріптестерін құттықтады.
«Қиын, қауіпті қызметтеріңіз үшін, жүктелген міндеттер мен функцияларыңызды лайықты, адал орындайтындарыңыз үшін барлықтарыңызға алғыс айтамын. Соңғы уақытта біздің елде ғана емес, көрші мемлекеттерде де болып жатқан төтенше жағдайлар біздің жүйеміз үшін үлкен сынақ болды. Біздің құтқарушыларымыз гуманитарлық миссия атқару аясында Түркия мен Ауғанстанда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізгенін ерекше атап өткім келеді. Кәсіби біліктілік деңгейі, жылдар бойы жинаған тәжірибесі, ең күрделі міндеттерді пысықтау жылдамдығы мен шапшаңдығы жағынан біздің құтқарушыларымыз үздіктердің қатарында болды», – деді министр.
Сонымен қатар, еліміздің бас құтқарушысы біздің азаматтарымыз ТЖМ қызметкерлерінің кез-келген уақытта күні-түні көмекке келуге дайын екенін, әрбір адамды құтқару үшін өз өмірін қиятынын білетінін айтты.
«Өз міндеттерін атқару кезінде, басқаның өмірін құтқару жолында қайтыс болған әріптестеріміз мәңгі есте қалады. Бүгінде Құтқарушы күні төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою ісіне тікелей қатысатын мамандардың барлығын біріктіретін шын мәніндегі жалпыхалықтық күн болды. Адалдық, батылдық пен батырлық таныта отырып, қызметтік міндеттеріңізді абыроймен орындаңыздар. Сіздерге денсаулық, бақыт, сәттілік және төтенше жағдайлардың аз болуын тілеймін!», – түйіндеді министр.