Солтүстікқазақстандық заңсыз аңшылық жасауда күдікті мылтығын әкесінің үйіне жасырған
Жуырда Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан Рузаев аңшылық шаруашылығының қорықшысы төңіректі тексеріп жүріп еркек сібір елігін мүшелеуден қалған қалдықтарға тап болды. Ол бұл туралы аудандық полицияның кезекші бөліміне хабарлады, деп жазады QZ Media тілшісі.
Тәртіп сақшылары күдіктіні сол күні анықтады. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оның жауабын тексере келе әкесінің үйінен 16 калибрлі «ИЖ-18» мылтығы мен жануардың еті табылды. Жануардың еті мен қалдықтары, күдіктіге тиесілі мылтық пен мотоцикл тәркіленіп алынды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
«Бұл баптың санкциясына сәйкес 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салудан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Сондай-ақ күдіктінің өзі айтқандай, орман ішінен тауып алған мылтықты сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қаруды тауып алған жағдайда бірден полицияға хабарлау қажет екенін ескертеміз. Қаруды заңсыз сақтау үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен оны ерікті түрде тапсыру ғана босатады», – дейді аудандық ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Әлжанов.