Қазақстандағы орақ науқанына қауіп төніп тұр
Қазақстанның негізгі астықты аймақтарында екі аптадан бері жаңбыр жауып тұр. Сондықтан диқандар астық жинай алмай отыр. Қатты аптап ыстықтан биыл бидай ерте пісті, бірақ Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында екі аптадан бері жаңбыр жауып, диқандар егінді жинай алмай отыр. Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді, жаңбыр 17 қыркүйекке дейін жалғасады және суық күтілуде. Үш негізгі астықты аймақтағы егіннің барлығына дерлік қауіп төніп тұр. Бұл туралы QZ Media тілшісі хабарлайды.
Тамыз айында облысымызда шамамен 52 мм жауын-шашын түсті. Бұл нормадан 108%-ға жоғары. Егістік алқаптарындағы жоғары ылғалдылық егін жинау науқанын айтарлықтай қиындатты. 30 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында барлық жұмыстар тоқтатылды. Кейін ауа-райы уақытша қалыпқа келді. Бұл ауылшаруашылық өндірушілеріне егін жинауды жалғастыруға мүмкіндік берді, бірақ іс ұзаққа созылмады. Демалыс күндері өңірге тағы да жауын-шашын жауды.
«Бүгінгі таңда облыста 1 миллион гектардан астам жердегі дәнді және дәнді бұршақты дақыл жиналды, бұл 30 пайыз ғана. Күзгі дала жұмыстарына барлығы 13 мыңнан астам техника жұмылдырылған. 58,9 мың тоннаға жуық арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сондай-ақ, облыста өнімділігі сағатына 9,7 мың тоннаны құрайтын 317 астық кептіргіш бар. Барлық астық кептіргіштері жұмыс істей бастады. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерде астықты кептіру үшін қосымша арзандатылған дизель отынын бөлу мәселесін қарастыруда», – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы басқармасы.
Егін науқанында қиындық тудырмас үшін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапарбек шұғыл кеңес өткізіп, мәселені шешу шараларын қабылдады.
– Астық қабылдау кәсіпорындары мен карантиндік қызметтер астықты қабылдау кезінде тәулік бойы жұмыс істеуге көшеді. Ал астық тасығыштарды уақытылы жеткізу мәселесі ҚТЖ-мен пысықталады.
– Астық кептіруге қосымша дизель отыны бөлінеді.
– Қаржы институттары мен Азық-түлік корпорациясы шаруаларға несие беру мәселесін жан-жақты жүргізетін болады.
– Субсидия қарыздарын жабу мәселесін жеделдетеді. Қосымша қажеттілік – 171 млрд теңге.
– Келесі жылға шаруаларға сапалы тұқым қорын қалыптастырылады. Өткен жылғы астық қорының сапасы тексеріледі, ол жарамды болып шықса, Азық-түлік корпорациясы 2022 және 2023 жылғы астықты бөлек сақтау арқылы тұқым қорының сақталуын қамтамасыз етеді.