Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да 21 мыңнан астам тұрғынның төленбеген әкімшілік айыппұлы бар

СҚО-да 21 мыңнан астам тұрғынның төленбеген әкімшілік айыппұлы бар

September 17, 2026 11:17

Жыл басынан бері өңірде 250 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның едәуір бөлігін жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері құрайды. Полиция қызметкерлері рейдтер өткізіп, берешегі бар азаматтарға айыппұлды төлеу қажеттігін еске салып, қарызды өндіру бойынша шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Атап айтқанда, полицейлер жылдамдықты белгіленген шектен асырудың 115 мыңнан астам фактісін анықтаған. Бұл – жол қозғалысындағы ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі. Себебі жоғары жылдамдық жол-көлік оқиғаларының қаупін тікелей арттырып, оның салдарының ауыр болуына әкелуі мүмкін.

15-17 қыркүйек аралығында облыста «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері төленбеген айыппұлы бар жүргізушілер мен басқа да құқық бұзушыларды тексеріп, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Іс-шараның алғашқы күнінде облыс тұрғындары 574 айыппұлын өтеді.

Полицияның айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты тек берешекті өндіріп алу емес. Ең бастысы – азаматтардың өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауын және белгіленген ережелерді құрметтеуін қалыптастыру.

Сонымен қатар құқық бұзушыларға әкімшілік айыппұлды белгіленген соманың 50 пайызы мөлшерінде төлеуге болатыны ескертіледі. Ол үшін құқық бұзушылық жасалғаннан кейін жеті тәулік ішінде төлем жасау қажет.

Shares