СҚО-да бизнес пен тұрғындарға арналған жылу тарифтері талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында кәсіпкерлер «Петропавловские тепловые сети» ЖШС директоры Виталий Холошамен жылумен жабдықтау тарифтері, есептеулер және жылу шығындарын есептеу әдістемесін талқылады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Негізгі мәселе бизнес үшін тарифтің ықтимал өсуіне қатысты болды. Виталий Холошаның айтуынша, алдағы жылыту маусымында халық пен заңды тұлғалар үшін тарифті қосымша көтеру жоспарланбайды.
«Бес жылдық тарифті наурыз айында бекіттік. Халық үшін тариф 1 қыркүйектен бастап 15 пайызға, заңды тұлғалар үшін 1 мамырдан бастап 20 пайызға өсті, ал бюджеттік ұйымдар үшін шамамен екі есеге артты. Қазір біз түзету енгіздік, халық пен заңды тұлғалар үшін қосымша өсім болмайды. Алдағы бүкіл жылыту маусымында олар үшін тарифтер бекітілген», – деді кәсіпорын басшысы.
Ол тарифтің белгіленген математикалық модель бойынша есептелетінін атап өтті. Оның құрамына станциядан энергия сатып алуға, желілерді пайдалануға, жалақыға, құбырлар мен жабдықтарды жөндеуге жұмсалатын шығындар кіреді. Бұл шығындар тұтынушылардың үш санаты – халық, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар арасында бөлінеді.
Машина жасау салалық кеңесінің төрайымы Елена Балярихина жылу шығындарын есептеу мәселесін көтерді. Ол әр айдағы шығын сомасының іс жүзінде өзгермейтініне қатысты сұрақ қойды.
«Мысалы, желтоқсан мен сәуір айларын салыстырсақ, жылу шығыны бойынша коэффициент неге өзгермейді? Менде шығын сомасы шамамен 450 мың теңге болып шықты. Желтоқсанда ауа райы әлдеқайда суық болғанымен, көрсеткіш бірдей», – деді ол.
Виталий Холоша коэффициенттің жылу желісінің ұзындығы мен төселу түріне, оның оқшаулануына және орташа айлық температураға байланысты есептелетінін түсіндірді. Желілердің өз учаскелерін қайта жаңғыртқан немесе күрделі жөндеуден өткізген кәсіпорындар шығын коэффициентін қайта есептеу үшін өтініш бере алады.
Тағы бір ұсынысты Сауда салалық кеңесінің төрайымы Алексей Писаренко айтты. Ол шағын «үй жанындағы» дүкендерді жеке тарифтік санатқа бөлуді немесе жеке тұлғалармен теңестіруді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай дүкендер жылытуды іс жүзінде пайдаланбайды, себебі тоңазытқыштардың өзі жылу бөледі.
Алайда жылумен жабдықтау ұйымының басшысы тарифті жеке тәртіппен төмендету мүмкіндігін жоққа шығарды. Заңнамада тұтынушылардың үш санаты қарастырылған, ал халықтың есебінен көлденең субсидиялауға тыйым салынған.
Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлердегі кіріктірілген үй-жайларды орталық жылытудан толық ажыратуға техникалық тұрғыда жол берілмейді. Ерекшелік – жылыту жүйелері жеке жобаланған жаңа үйлер.
«Қаласаңыздар, коммерциялық нысандар орналасқан жаңа үйлердегідей жеке жылу торабын орнатыңыздар. Оны реттеп, жауып, тоңазытқыштардың жылуымен жылыныңыздар», – деп түйіндеді Виталий Холоша.
