Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » «Қазақстан халқына» қоры СҚО-дағы 25 әлеуметтік жобаға 20 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттады

«Қазақстан халқына» қоры СҚО-дағы 25 әлеуметтік жобаға 20 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттады

September 16, 2026 11:05

 

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева Шал ақын ауданына барды. Мұнда күрделі жөндеуден кейін Мәдениет үйі қайта ашылды. Қордың қолдауымен Тайынша ауданындағы Теңдік ауылында Мәдениет үйі және Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылында әмбебап спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды QZ NEWS.

Айта кетейік, Қор аталған әлеуметтік нысандарды заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті техникамен, жиһазбен және керек-жарақтармен толық қамтамасыз етті. Соның арқасында тұрғындар жаңартылған ғимараттарға ғана емес, шығармашылықпен айналысуға, спортпен шұғылдануға, мәдени іс-шаралар өткізуге және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған заманауи кеңістіктерге қол жеткізді.

Соңғы төрт жылда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыста жалпы сомасы 20,7 миллиард теңгеден асатын 25 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасы жүзеге асырылды және қазіргі уақытта іске асырылып жатыр.

Қордың су тасқыны кезеңіндегі көмегінің маңызы зор болды. Зардап шеккен отбасылар үшін «Бірлік» шағынауданында жаңа үйлер салуға 5 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және білім беру үдерісінің сапасын арттыруға 4 миллиард теңгеден астам, модульдік спорт залдарын салуға 600 миллион теңгеден астам, денсаулық сақтау саласын дамытуға және медициналық ұйымдарды жарақтандыруға 7,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Қазіргі таңда тағы бірнеше маңызды жоба аяқталу сатысында. Олардың қатарында Тайынша ауданындағы Чкалов ауылындағы оңалту орталығы, Петропавлда 280 орындық балабақша және екі модульдік спорт залы бар.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қала мен ауыл тұрғындары үшін заманауи жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ретте «Қазақстан халқына» қоры өңірдің маңызды серіктесіне айналды. Қордың басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваға және бүкіл ұжымға өңірді тұрақты қолдағаны, тұрғындардың қажеттілігіне көңіл бөліп, халық үшін маңызды жобаларды жүзеге асырып келе жатқаны үшін ерекше алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.

Shares