Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлда Азия ойындарының жүлдегері Наталья Богданованы салтанатты түрде қарсы алды

Петропавлда Азия ойындарының жүлдегері Наталья Богданованы салтанатты түрде қарсы алды

October 5, 2026 21:00

Петропавлға Жапонияның Нагоя қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль иеленген солтүстікқазақстандық боксшы Наталья Богданова оралды. Спортшы үшін бұл құрлықтық додадағы екінші жүлдесі. Ол 2023 жылы да қола медаль жеңіп алған болатын, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Бұл жолғы жарыс Наталья үшін оңай болған жоқ. Оның негізгі салмақ дәрежесі – 70 келіге дейін. Алайда Азия ойындарында бұл салмақ дәрежесі болған жоқ. Сондықтан спортшы 75 келіге дейінгі санатта өнер көрсетіп, өзінен салмағы ауыр қарсыластармен жұдырықтасты.

Жүлдегерді қарсы алу спортшыны құттықтап қана қоймай, оның жігері мен атқарған еңбегіне алғыс айтуға да себеп болды. Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова мұндай нәтижелердің кәсіби спорт үшін ғана емес, өскелең ұрпақ үшін де маңызды екенін атап өтті.

«Наталья өзінің үлгісі арқылы балаларға еңбек пен табандылықтың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетіп жүр. Оның жетістіктері бізді қатты қуантады. Алдағы уақытта да спортшыларымыз осындай биік белестерді бағындыра берсін деп тілейміз. Жас боксшыларға, балуандарға және барша спортшыларға осындай нәтижеге ұмтылып, еңбектеніп, мақсаттарына жетуді тілеймін. Спорт адамды тәртіпке баулиды, дұрыс жолды таңдауға көмектеседі және өмірде өз орнын табуға бағыттайды», – деді Қарлығаш Рамазанова.

Натальяның әр кездесуін бүкіл ел жанкүйерлері тамашалады. Өңірде спортшының жекпе-жектері кезінде теледидар алдына балалар да, ересектер де жиналғанын айтады.

«Барлық солтүстікқазақстандықтар, барлық қазақстандықтар сен үшін жанкүйер болды. Балалар да, ересектер де теледидар алдында отырып, алаңдап, қолдау көрсетті. Бізге сыйлаған эмоцияларың үшін өзіңе және жаттықтырушыңа рақмет», – деді басқарма басшысы.

Медальға бастар жол жарысқа дейін әлдеқайда ерте басталған. Дайындық бірнеше оқу-жаттығу және жауынгерлік жиыннан тұрды. Команда АҚШ-та, Бразилияда және Қазақстанда жаттығу өткізді. Ал жарыс алдында Жапонияда тағы он күн дайындалды. Сол жерде Наталья жаттығып, басқа құрамалардың өкілдерімен спарринг өткізді.

Нагояда Наталья екі жекпе-жек өткізді. Алғашқы кездесуде Өзбекстан өкілімен жұдырықтасып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ал жартылай финалда оны атақтары мол қарсылас күтіп тұрды. Ол – Үндістан спортшысы, Олимпиада және Азия ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы.

Салмақтағы айырмашылық пен қарсыласының жоғары дәрежесіне қарамастан, солтүстікқазақстандық боксшы тартысты жекпе-жек өткізді. Алайда жеңіс үндістандық спортшыға бұйырды. Кейін ол Азия ойындарының чемпионы атанды.

«Әрине, алтын медаль алғымыз келді. Шынымды айтсам, жекпе-жек өте тартысты өтті, кездесу кез келген жақтың пайдасына аяқталуы мүмкін еді. Біз жеңілген қарсыласымыз кейін Азия ойындарының чемпионы атанды. Сондықтан бұл жекпе-жек шынымен де өте тартысты болды», – деді Дастан Қабденов.

Натальяның өзі де Жапонияға қола медаль үшін бармағанын жасырмайды. Дегенмен өнер көрсетуіне өкініші жоқ.

«2023 жылы да Азия ойындарында қола медаль алған едім. Бұл жолы алтын үшін бардым. Әрине, әнұранның бірінші орынға көтеріліп, менің құрметіме шырқалғанын қаладым. Бірақ болғаны болды. Жартылай финалда жеңілдім деп есептемеймін – төрешілер басқаша шешім қабылдады», – деді спортшы.

Бейтаныс салмақ дәрежесінде өнер көрсету де оңайға соқпаған. Натальяның айтуынша, рингте 5-6 келі айырмашылық сезілген. Сондықтан ол жекпе-жекте жылдамдық пен техникаға басымдық берген.

Соған қарамастан, спортшы 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысуды жоспарлап отырған жоқ. Ол спорттық мансабын өзінің негізгі салмағы – 70 келіге дейінгі санатта жалғастырмақ.

Енді команда келесі ірі додаға дайындықты бастайды. 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионаты 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына жолдама беретін лицензиялық турнир болады.

«Қазір біраз демалып аламыз, кейін әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз. Онда Олимпиадаға лицензиялар сарапқа салынады. Менің мақсатым – лицензия жеңіп алып, Олимпиада ойындарына дайындалу. Оны алу үшін бар күшімді саламын», – деді Наталья.

Бүгінде Наталья өңірдің жас спортшыларына үлгі болып отыр. Ал Азия ойындарындағы екінші қола жүлдесінен кейін боксшы алға – әлем чемпионатына, Олимпиада лицензиясына және алтын жүлде үшін жаңа мүмкіндікке көз тігіп отыр.

Shares