Әкесінің жолын жалғаған ұл: орман өрті кезінде әкесі қаза тапқан СҚО орман шаруашылығының инженері Тимур Темірбайдың кәсіби жолы

Кейбір адамдар мамандықты кездейсоқ таңдайды. Ал енді біреулердің кәсіби жолы жеке тарихпен, жақын адамының жарқын бейнесімен және оған деген терең құрметпен байланысты. «Жамбыл» орман шаруашылығының инженері Тимур Ғабитұлы Темірбай үшін орманмен жұмыс істеу жай ғана кәсіп емес. Бұл – қызметтік міндетін атқару кезінде орман өртін сөндіру барысында қаза тапқан әкесінің ісін жалғастыру мүмкіндігі. Әкесінің ерлігі ұлына үлгі болса, оның жарқын бейнесі Тимурға алға қарай нық қадам басуға көмектесетін өмірлік бағдарға айналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Тимурдың балалық шағы СҚО Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында өтті. Ол осында өсіп, еңбекқорлықты бағалауды үйренді және жауапкершілік туралы өзіндік түсінігін қалыптастырды. Ол кезде болашақта қандай жолды таңдайтынын әлі білмегенімен, өз ісіне адал қараудың және қиындықтарға қарамастан міндетін атқаратын адамдарды құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін түсінді.
Тимурдың өмірінде әкесі Ғабит Темірбайұлы Айнатуовтың орны ерекше. Ол №5 учаскеде орман шебері болып жұмыс істеп, өмірін орман шаруашылығына арнады. 2015 жылы орман өртін сөндіру кезінде қызметтік міндетін атқарып жүріп қаза тапты.
«Мамандық таңдауым әкеммен тығыз байланысты. Ол орман шебері болып жұмыс істеді. Мен бала кезімнен бұл еңбектің қаншалықты жауапты екенін түсіндім. Әкемнің қазасы отбасымыз үшін үлкен сынақ болды. Сонымен қатар оның ерлігі мен үшін батылдық пен қайсарлықтың үлгісіне айналды. Мен әрдайым оның мамандығын және өз ісіне соңына дейін адал болғанын құрметтедім», – дейді Тимур.
Мектепті бітіргеннен кейін ол М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне оқуға түсіп, «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» мамандығын меңгерді. Оқу барысында қажетті білім алды. Алайда мамандықтың қыр-сырын іс жүзінде, күнделікті міндеттерді орындау, тәжірибелі әріптестерімен араласу және орман шаруашылығының ерекшеліктерімен танысу арқылы тереңірек түсінді.

Бүгінде Тимур «Жамбыл орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде орман шаруашылығының инженері болып жұмыс істейді. Осы саладағы бес жылдық еңбек жолында ол орман шаруашылығында қызмет ету үшін бейінді біліммен қатар сабырлылық, мұқияттылық, тәртіп және үнемі үйренуге дайын болу қажет екеніне көз жеткізді.
«Орманның табиғи байлығымыз екенін және оны қорғау қажет екенін жақсы түсінемін. Оның сақталуына және қайта қалпына келуіне үлес қосу, ағаш-бұталардың жай-күйін бақылау, ықтимал қауіптердің алдын алу мен үшін маңызды. Біздің еңбегіміздің нәтижесі бүгін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де мәнге ие», – дейді кейіпкеріміз.
Сырт көзге орман шаруашылығындағы жұмыс ағаштардың арасында серуендеп, таза ауа жұтып, табиғатты тамашалаумен ғана шектелетіндей көрінуі мүмкін. Алайда мұның артында ауқымды ұйымдастырушылық және техникалық жұмыс жатыр. Инженер орман шаруашылығы шараларының орындалуын бақылап, учаскелерді тексеруге, ағаштардың жай-күйін қадағалауға, зиянкестерді анықтауға, ақпарат жинап, оны талдауға, құжаттар мен есептерді дайындауға міндетті.
Әр күннің өз ерекшелігі бар. Жұмыстың сипаты жыл мезгіліне, ауа райына және алға қойылған міндеттерге байланысты өзгереді. Көктемде мамандар өрт қаупі жоғары кезеңге дайындалып, орманды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Жазда аумақтарды бақылау күшейтіліп, өрттің алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Күзде орман шаруашылығы шаралары жалғасса, қыста қылқан жапырақты ағаштарды қорғау және өткен маусымның қорытындысын талдау жұмыстары жүргізіледі.

Әсіресе өрт қаупі күшейетін кезеңде жұмыс қарқыны артады. Құрғақ ауа райы, аптап ыстық пен қатты жел жағдайды едәуір қиындатуы мүмкін. Сондықтан орман шаруашылығы қызметкерлері үнемі қырағылық танытып, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, шұғыл әрекет етуге дайын болуы керек.
«Өрттің салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Бұдан бөлек, ормандағы тәртіп ережелерін бұзатын немесе өрт қауіпсіздігі талаптарын елемейтін жауапсыз адамдармен де бетпе-бет келеміз. Сондықтан алдын алу шаралары мен тұрақты бақылаудың маңызы зор», – дейді инженер.
Дегенмен орманды тек өрттен ғана қорғау жеткіліксіз. Оның жай-күйіне ауа райы, зиянкестер мен адам әрекеті де әсер етеді. Мамандар табиғаттағы өзгерістерді байқап, ағаштардың өсуін бақылап, қажетті шараларды дер кезінде қабылдауы тиіс.
Тимурдың айтуынша, еңбек еткен жылдары ол қоршаған ортаға мұқият қарауды үйренген.
«Орман шаруашылығында жұмыс істегенде бұрын назар аудармаған нәрселерді байқай бастайсың. Ағаштардың жай-күйіне қарап, ауа райының әсерін бағалайсың, жас өскіндердің қалай өсіп жатқанын көресің. Орман үнемі күтім мен назарды қажет ететінін түсінесің. Оны жай ғана қараусыз қалдырып, бәрі өздігінен жақсы болады деп ойлауға болмайды», – дейді ол.
Тимурға мамандықты меңгеруге тәжірибелі әріптестері көмектесті. Оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына басшының орынбасары А. З. Шалабаев ерекше үлес қосты. Ол өз білімімен бөлісіп, жұмысты тиімді ұйымдастыру жолдарын көрсетіп, кәсіби мәселелерді шешуге көмектесті. Ұжымның қолдауы Тимурға тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, өз мамандығына сенімді болуға мүмкіндік берді.
Инженердің өзі орман шаруашылығында дамуды тоқтатуға болмайды деп санайды. Бұл салада университетте алған біліммен қатар тәжірибе, ұсақ-түйекке дейін мән беру және командамен жұмыс істей білу маңызды. Қызметкерлердің өзара үйлесімді әрекет етуі қойылған міндеттердің уақытылы орындалуына тікелей әсер етеді.
Алайда тәжірибе мен жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуына қарамастан, көп нәрсе адамдардың өз әрекетіне де байланысты.
«Адамдар орманды ойына келгенін істейтін жер деп қабылдамауы керек. Әркім өз әрекетінің салдарын түсінуге тиіс. Қоқыс қалдырмау, тыйым салынған жерлерде от жақпау, сөндірілмеген темекі тұқылын тастамау және ағаштарды бүлдірмеу қажет. Кейде бір минуттық салғырттық табиғатқа орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Орманды сақтау әр адамның оған деген көзқарасынан басталады», – деп облыс тұрғындарына үндеу жасады кейіпкеріміз.

Бұл мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар: еңбектің нәтижесі бірден байқала бермейді. Кейде ол уақытында жүргізілген алдын алу шарасынан, анықталған заңбұзушылықтан немесе жолы кесілген қауіптен көрінеді. Орман алқабы аман қалса, бұл да мамандар жұмысының нәтижесі. Оның артында қаншама күш-жігер тұрғанын айналадағы адамдар біле бермеуі мүмкін.
Тимур үшін Орман шаруашылығы қызметкерлері күні – кәсіби мереке ғана емес, еліміздің табиғи байлығын күн сайын қорғап жүрген жандарды еске алатын ерекше күн. Бұл – білімді, шыдамдылықты, жанқиярлық пен жауапкершілікті талап ететін еңбек. Сақталған әрбір орман алқабының артында өз жұмысын жұрт байқаса да, байқамаса да адал атқаратын адамдар тұр.
«Әріптестеріме ең алдымен мықты денсаулық, амандық және отбасылық бақыт тілеймін. Әр жұмыс күніміз қауіпсіз өтіп, еңбегіміздің нәтижесі жемісті болсын. Өрт азайып, ормандарымыз жайқалып, еңбегіміз лайықты бағаланса екен. Мерекелеріңіз құтты болсын!» – деп Тимур әріптестерін құттықтады.
Ал мамандық таңдауды енді ғана ойлап жүрген жастарға ол табиғатқа қызығушылығы болса және жауапты еңбекке дайын болса, орман шаруашылығы саласына келуден қорықпауға кеңес береді. Оның пікірінше, бұл салада үйренуге деген құлшыныс, тәртіп және бүгінгі еңбектің нәтижесі ондаған жыл бойы маңызды болуы мүмкін екенін түсіну ерекше рөл атқарады.
Тимур ормандардың болашағы туралы да ойлайды. Ол ормандардың сау, өрт пен заңсыз әрекеттерден қорғалған, табиғи жолмен қалпына келуге қабілетті болғанын қалайды.
«Ормандарымызды балаларымыз бен немерелерімізге аман жеткізуге өз үлесімді қосқым келеді. Біз бұл байлықты алдыңғы ұрпақтан қабылдап алдық, енді оны келесі ұрпаққа табыстауымыз керек. Сондықтан орманның бүгінгі жай-күйіне ғана емес, оның көп жылдан кейін қандай болатынына да мән беру маңызды», – деп түйіндеді сөзін кейіпкеріміз.
