Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлдық «Қуаныш» Павлодардың «Ертісін» жеңді

Петропавлдық «Қуаныш» Павлодардың «Ертісін» жеңді

October 19, 2026 09:00

Петропавлда әйелдер командалары арасындағы волейболдан Қазақстанның 35-ші чемпионатының Ұлттық лигадағы екінші туры жалғасуда. Жергілікті «Қуаныш» командасы жоғары дивизионға қайта оралған павлодарлық «Ертіспен» кездесті. Алаң иелері фаворит мәртебесін дәлелдеп, қарсыласын 3:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Ойынның алғашқы сәттерінен-ақ кездесудің оңайға соқпайтыны байқалды. Екі команда да қарсыласына алға ұзап кетуге мүмкіндік бермей, шабуылға шабуылмен жауап қайтарып отырды. Алайда алғашқы партияның соңында петропавлдық волейболшылар қарқынын күшейтіп, сеттi 25:18 есебімен аяқтады.

Екінші партияда «Ертіс» бастаманы өз қолына алды. Павлодарлық спортшылар сенімді ойын көрсетіп, 25:22 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, партиялар есебін теңестірді.

«Қуаныштың» жауабы көп күттірмеді. Үшінші сетте алаң иелері шабуылда дәлдік танытып, қорғаныста да мұқият ойнады. Нәтижесінде 25:22 есебімен жеңіске жетіп, қайтадан алға шықты.

Шешуші партия петропавлдық команданың басымдығымен өтті. «Қуаныш» есеп айырмасын біртіндеп ұлғайтып, сеттi 25:17 есебімен аяқтады.

Мұндай кездесулердің павлодарлық команда үшін маңызы туралы «Ертіс» ойыншысы Идалия Чамчиева айтып берді.

«Біз «Қуаныш» командасымен бұрыннан бері ойнап келеміз. Екі команданың арасында әрдайым нағыз бәсекелестік бар. Мен бұл команданы қатты құрметтеймін, олармен ойнаған ұнайды. Осындай матчтарда қарсыластың мықтылығын сезінесің. Бұл біздің де шеберлігімізді шыңдауға көмектеседі. Командамыздың бір-бірімен әлі де жақсы үйлесіп, алаңда бірін-бірі жақсырақ түсінуі үшін уақыт қажет деп ойлаймын. Бірге неғұрлым көп ойнасақ, өзара байланысымыз соғұрлым жақсара түседі. Қазір мықты қарсыластармен кездесулер біз үшін өте маңызды. Өйткені дәл осындай ойындарда команда ретінде өсіп, дамимыз», – деп атап өтті волейболшы.

Shares