Петропавлдық құтқарушы Талғат Букунев өрт сөндірушілердің төтенше жағдайдағы жұмысының қыр-сырын ашып айтты

№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Талғат Букунев талай рет қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, адамдардың үрейге бой алдырған сәттеріне куә болған. Қызмет жылдарында ол ең күрделі жағдайларда әрекет етуді үйреніп, бүгінде жинаған тәжірибесін жас әріптестеріне үйретіп келеді. Құтқарушылар күніне орай өзгелерге көмек көрсетуді өмірлік ісіне айналдырған азамат туралы QZ NEWS тілшісі баяндайды.
19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтіледі. Біреулер үшін бұл күнтізбедегі кезекті дата болса, енді біреулер үшін күн сайын өзгелер қашуға тырысатын қауіптің ортасына баруға дайын адамдарды еске алатын ерекше күн. Өрт сөндірушілердің жұмысы – алаңдатарлық шақыртулар, күрделі шешімдер және өзгенің өміріне деген жауапкершілік. Олар алда не күтіп тұрғанын әрдайым біле бермейді. Соған қарамастан, қиын жағдайға тап болған жандарға дер кезінде көмек көрсету үшін қауіпке қарай бет алады.
Талғат Букуневтің өмірінің едәуір бөлігі өрт сөндіру бөлімінде өтті. Ол қызметке 2014 жылы келген. Содан бері мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, күрделі жағдайларда әрекет етуді үйренді. Сондай-ақ иық тіресе жұмыс істейтін адамдар арасындағы өзара көмек пен сенімнің қаншалықты маңызды екенін түсінді.
«Өрт сөндіру қызметіне алғаш келгенде көп нәрсені әлі білмейсің. Бірақ жаныңда тәжірибелі әріптестерің болады. Олар бағыт-бағдар беріп, түсіндіріп, жаңа ортаға бейімделуге көмектеседі. Бұл қызметте тек өзіңе ғана сенуге болмайды. Әріптестеріңе сенім артуың керек. Өйткені өрт кезінде жұмыстың нәтижесі көбіне іс-қимылдың үйлесімділігіне байланысты», – дейді Талғат Букунев.
Әсіресе, алғашқы шақыртулар ұмытылмайды. Оқу сыныбында нұсқаулықтарды зерделеу бір басқа да, жалын өршіп, адамдар көмекке шақырып, айналада үрей күшейген жерге бару мүлде бөлек.
«Алғашқы өрт есімде ерекше сақталды. Зардап шеккендердің айқайын естіп, үрейленген адамдарды көргенде, оқу кезіндегі әсерден мүлде өзгеше сезімде боласың. Өзіңді қолға алып, үрейге берілмей, міндетіңді орындауың керек. Уақыт өте келе тәжірибе жинақталады, бірақ жауапкершілік ешқайда жоғалмайды», – деп бөлісті өрт сөндіруші.
Бөлімшедегі жұмыс күні таңертеңгі саптық жиыннан басталады. Жеке құрамның сыртқы келбеті, қызметкерлердің әзірлігі мен техниканың жай-күйі тексеріледі. Одан кейін өрт сөндірушілер теориялық дайындыққа кіріседі: қызметтік тақырыптарды талқылап, өртті сөндіру ерекшеліктерін зерделеп, алған білімдерін бекітеді. Ауысым барысында төтенше жағдай кезінде қажет болатын әрекеттерді пысықтауға арналған сабақтар мен жаттығулар өткізіледі.

Бұл мамандықта өртті қалай сөндіру керектігін білу жеткіліксіз. Ең алдымен, топ қандай жағдайға тап болғанын дұрыс бағалай білу қажет. Әр өрттің өзіндік ерекшелігі бар: жалынның аумағы, жану қарқыны, температурасы мен ғимараттың құрылымы әртүрлі болады. Барлау кезінде өрт сөндірушілер ғимараттың ішінде не бар екенін және құрылымдардың қаншалықты берік екенін бірден анықтай алмауы мүмкін. Ал одан кейінгі әрекеттер мен құтқарушылардың қауіпсіздігі осыған байланысты.
«Бір-біріне ұқсас екі өрт болмайды. Бір ғимараттағы жағдай салыстырмалы түрде түсінікті болуы мүмкін, ал екіншісінде іште не бар екенін, құрылымдардың қандай күйде екенін білмей әрекет етуге тура келеді. Жағдайды бағалап, қауіпсіздік талаптарын сақтап, әрбір ұсақ-түйекке назар аудару қажет. Оқиға орнындағы ахуалды неғұрлым жақсы түсінсең, соғұрлым тиімді әрекет ете аласың», – деп түсіндіреді бөлімше командирі.
Әрбір шақыртудың артында кәсіби тәжірибемен қатар, жоғары физикалық дайындық та тұр. Арнайы киім, каска мен қорғаныс құралдары өрт сөндірушіні қауіпті ортада қорғайды. Алайда жабдықтың болуы жеткіліксіз, оны дұрыс қолдана білу де маңызды. Сондықтан өрт сөндірушілер арнайы киімді уақытқа киюді, қорғаныс құралдарымен жұмыс істеуді, өрт сөндіру жеңдері мен оқпандарын пайдалануды, биіктікке көтерілуді және су беруді ұйымдастыруды үнемі жаттықтырады.
Қызметтегі жылдар ішінде Талғат Букунев жас маманнан бөлімше командиріне дейінгі жолдан өтті. Енді өзі жаңадан келген қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөліседі. Ол жас әріптестеріне батылдықтың жанында әрдайым тәртіп пен сақтық болуы керектігін еске салады. Өйткені өрт сөндірушінің ерлігі – жалынға ойланбастан ұмтылу емес, қауіпті дұрыс бағалап, адамдарды құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.
Талғат Сергеевич қызмет еткен жылдары бірде-бір рет мамандығын тастауды ойламаған. Қиын шақыртулар мен үлкен жауапкершілікке қарамастан, таңдаған жолына өкінбейді. Өрт сөндіру бөлімі ол үшін жай ғана жұмыс орны емес, әр адам қиын сәтте жанындағы әріптесіне өз өмірін сеніп тапсыра алатын ұжымға айналған.

Сырт көзге байсалды көрінетін, кез келген жағдайда жылдам әрекет етуге дағдыланған маманның да ауысымның аяқталып, үйіне оралуын күтетінін ұмытпау керек. Өрт сөндіруші жұмыс күнінің қалай өтетінін және кезекті шақыртудың қанша уақытқа созылатынын алдын ала білмейді. Кейде қалыпты күн тәртібі бір сәтте өзгеріп, шұғыл көмекке мұқтаж адамдар үшін барлық шаруаны ысырып қоюға тура келеді.
Мұндай жұмыста әріптестің қолдауы ерекше бағаланады. Талғат Букунев осындай сынақтарды жалғыз еңсеру мүмкін емес екеніне көз жеткізген. Жағдай болжап болмайтындай күрделенген кезде де өрт сөндірушілерге алға жылжуға көмектесетін – командалық жұмыс.
Сонымен қатар бөлімше командирінің өрт сөндіру бөлімінен тыс өз өмірі бар. Үйде оны жақындары мен кішкентай ұлы күтіп отыр.
«Осы жылдар ішінде қызметті тастап кету туралы бір рет те ойлаған емеспін. Бұл жұмыстың қаншалықты жауапты екенін түсінемін, әрі ол маған жақын. Әрине, болашақта ұлымның да менің жолымды қуып, өрт сөндіруші болғанын қалар едім. Әзірге ол кішкентай, жасы небәрі 11 айда. Болашақта не болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен оның осы жолды таңдағаны мен үшін қуанышты болар еді», – дейді Талғат Букунев.
Құтқарушылар күніне орай тәуекел мен үлкен жауапкершілік жүктелетін қызметті таңдаған жандарға алғыс айтқымыз келеді. Техниканы тексерудің, оқу-жаттығулардың және алаңдатарлық шақыртулардың артында отбасылары, армандары мен жоспарлары бар қарапайым адамдар тұр. Алайда дабыл белгісі берілген сәтте олар күнделікті тіршілігін ысырып қойып, көмек қажет жерге қарай асығады.
