Жүсіп Жұмағұлов: «Басты міндет – облыс тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, өмір сүру сапасын арттыру»

Білім беруді дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау, спорт пен мәдениеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылауға арналған өңір активімен кездесуде СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың сөзінде негізгі тақырыпқа айналды. Бұл бағыттардың барлығы Мемлекет басшысы айқындаған адами капиталды нығайту міндетімен тікелей байланысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Президенттің 2027 жылды ауқымды жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауы облыс үшін ерекше маңызға ие. Жүсіп Жұмағұлов атап өткендей, жаңа әлеуметтік нысандар инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, адамдардың болашағын Солтүстік Қазақстан облысымен байланыстыруына жағдай жасауы тиіс.
Соңғы үш жылда өңірде жеті мектеп салынды. Оның ішінде екі жайлы мектеп және үшеуі апатты мектептердің орнына бой көтерді. Төрт балабақша пайдалануға беріліп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 97,5 пайызға жетті. Қызылжар ауданының Белое ауылында мектеп құрылысы жалғасуда. Тағы төрт мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Жолдауда цифрландыру мен бюрократиялық жүктемені азайтуға да ерекше назар аударылды. Облыстың білім беру жүйесінде бес негізгі ақпараттық платформа қолданылады. Жаңа шешімдер педагогтерге тигізетін пайдасы бағалана отырып, алдын ала тәжірибе жүзінде тексеріледі.
«Біздің ұстанымымыз – цифрландыру есептілікті азайтып, мұғалімнің уақытын үнемдеуге және білім сапасын арттыруға тиіс. Мұның нақты өлшемі – педагогтің балалармен жұмыс істеуіне қанша уақыт жұмсайтыны», – деп атап өтті әкімнің орынбасары.
Адами капиталдың маңызды құрамдас бөлігі – инклюзивті білім беру. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 6 771 бала тұрады. Жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті жағдайда 4 369 бала оқиды. Өңірде инклюзивті қолдау көрсететін 32 кабинет жұмыс істейді.
2027 жылдың басында аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған мамандандырылған орталық пен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін инклюзивті қолдау кабинеттерінің желісін тағы 14 бірлікке кеңейту көзделген.
Кадр даярлау мәселесі де өзекті. Өңірдің білім беру жүйесінде 16 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Жыл басынан бері 723 маман жұмысқа орналастырылды. Олардың 321-і – жас мұғалім. Дегенмен, әсіресе ауылдық шағын жинақты мектептерде педагогтерге деген қажеттілік сақталып отыр. Мамандарды жергілікті жерлерде тұрақтандыру үшін тұрғын үймен қамтамасыз ету, тәлімгерлік және кәсіби өсу мәселелері пысықталуда.
Білім беру мен өңір экономикасының байланысын колледждер де қамтамасыз етеді. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беретін 23 ұйымында 11 мыңнан астам студент білім алуда. Кәсіпорындармен 620 жұмыс беруші ынтымақтастық орнатқан. Ал студенттердің 32 пайызы дуальды оқытумен қамтылған.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту спорт саласында да жалғасады. Петропавлда көпфункционалды мұз кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар 50 метрлік бассейні бар әмбебап спорт аренасы мен жабық футбол аренасын салу жоспарланған.
Соңғы екі жылда облыста шағын футболға арналған 74 алаң салынды. Оның 46-сы биыл пайдалануға берілді. Инклюзивті спорт орталығы мен QYZYLJAR JENIS JUDO дзюдо орталығының жобалары жүзеге асырылуда.
Мәдениет саласында Қүләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне арналған концерт залы бар жаңа корпус құрылысы жалғасуда. Ауылдық елді мекендерде де жаңа нысандар пайда болады.
Қорытындылай келе, Жүсіп Жұмағұлов Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті. Бұл ретте әлеуметтік нысандардың құрылысы, білім беруді дамыту және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау ортақ мақсатқа қызмет етуі тиіс.
«Басты міндет – облыс тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, өмір сүру сапасын арттыру», – деп түйіндеді әкімнің орынбасары.
