Петропавловск
+21°C
Главная страница » Туризм » Туристерді көбірек тарту үшін Айыртау ауданында демалыс орындары кеңейтіледі

Туристерді көбірек тарту үшін Айыртау ауданында демалыс орындары кеңейтіледі

Биылғы жылы Айыртау ауданында автомобиль жолдарын ретке келтіру үшін 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

36 шақырымнан астам жолда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – “Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое” жолы, “Лобаново-Зеренді” тас жолының учаскесі және Ақан сері ауылына кіреберіс жол. Сонымен қатар, ұзындығы 7 км болатын “Саумалкөл-Новоишимское-Червонное” облыстық маңызға ие жолын жөндеу жұмыстары аяқталды.

Сондай-ақ, биыл Саумалкөл ауылының 11 көшесіне немесе 3 мың шаршы метр жерге қиыршық тас төселді, іс 12 млн теңгеге жүргізілді

“2024 жылы “Шалқар Су” шипажайына бұрылыстан бастап “Сокол” балалар сауықтыру орталығына дейінгі 2 шақырымдық жолды қайта жаңарту көзделген. Сондай – ақ “Арықбалық – Төменгі Борлық – Приозерное” бағытында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда және “Саумалкөл – Сырымбет – Светлое” автожолын жөндеу жұмыстары жалғастырылатын болады”, – деп атап өтті аудан әкімі Ерболат Бекшенов.

Ауданға туристерді тартуда инфрақұрылымды жақсарту маңызды рөл атқарады, дейді мамандар. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Қазір Айыртау ауданының аумағында 44 туризм нысаны жұмыс істейді, онда бір уақытта 3 651 қонақты орналастыруға болады. Нысандардың 8-і жыл бойы жұмыс істейді.

“2023 жылы “Көкшетау” МҰТП аумағында инвесторларға туризм объектілерін салу үшін 22 жер учаскесі бөлінді, сондай-ақ байланыс пен интернетті жақсарту үшін ұялы байланыс мұнараларын салуға 6 жер учаскесі және Шалқар мен Имантау көлдерінің жағасында су-құтқару станцияларын салу үшін СҚО Төтенше жағдайлар департаментіне 3 жер учаскесі бөлінді. 2024 жылдан осы жобаларды іске асыру басталады. Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған демалыс аймақтарын жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде”, – деп қорытындылады Айыртау ауданының әкімі.

 

Shares