Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда тағы ақылы жолдар пайда болады

Қазақстанда тағы ақылы жолдар пайда болады

Қазақстанда жаңа ақылы жолдар пайда болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Ол бұл бастама, бірінші кезекте транзиттік көлік құралдарынан, содан кейін отандық тасымалдаушылардан қаражат жинауға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаржы қажет етіледі. Осы орайда республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында ақылы жолдардың көлемі кезең-кезеңімен енгізілуде. Нәтижесінде қазақстандықтардың қалтасынан салықтан бөлек, қосымша ақы шығады.

Қазіргі таңда 3 200 шақырымда ақылы жүйе енгізілген. 11 айдың қорытындысы бойынша 26,5 млн теңге қаражат түсті. Келесі жылы қосымша 1 200 шақырымға ақылы жүйе енгізу жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына қарай мұндай жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілетін болады. Бұл ретте Қазақстандағы ақылы жолдар тарифтері жақын және алыс шет елдермен салыстырғанда, ең төмен.

“Жалпы, біз саясатты біртіндеп ұлғайту бағытында жүргізетін боламыз. Ең алдымен транзитке назар аударылады. Жаңа учаскелерде шешім олардың жағдайына байланысты қабылданады. Жаңа учаскелер төрт жолақты, күтіп ұстау қанша болады, учаскелер әртүрлі, қашықтығы әртүрлі. Осыларға сүйене отырып, құны артады”, – деп атап өтті Көлік министрі Марат Қарабаев.

 

Shares