Қожа Ахмет Ясауи кесенесі стратегиялық нысанға айналуы мүмкін
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі режимдік немесе стратегиялық нысан тізіміне енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Себебі, осы жылдың ақпан айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестік әрекетке күдіктенген Тәжікстан азаматын ұстады. Яғни, ол жоспарды жүзеге асыруға үлгермеді. Түркістан өңірі басшысының айтуынша, Үкіметке кесенені ерекше қорғалатын нысандар тізіміне енгізу жөнінде хат жолданыпты.
“Мен лаңкестік шабуылдың қандай мақсатта дайындалғанын білмеймін. Болашақта мұндай жағдайға жол бермеу үшін Үкіметке кесенені режимдік нысан тізіміне енгізу туралы өтініш жолдадық. Қауіпсіздік шаралары арнайы қауіпсіздік қызметі арқылы жүзеге асырылады”, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды
2023 жылдың қыркүйегінде ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев қауіпсіздік күштері Қазақстанда дайындалып жатқан екі террорлық шабуылдың алдын алғанын айтты. Олар: Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану және Астананың халық жаппай жиналған жерлерінде қарулы шабуыл жасау. Кейін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде террористік акт дайындады деп айыпталған Тәжікстан азаматына қатысты сот процесі аяқталғаны белгілі болды. Айыпталушы – 2001 жылы туған.