Meta Facebook пен Instagram қолданушыларына зияны туралы зерттеуді жасырған

Facebook пен Instagram-ға ие Meta компаниясы өзінің платформалары қолданушыларға психологиялық зиян келтіретінін дәлелдейтін зерттеуді тоқтатып, оның нәтижелерін жарияламаған, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Deutsche Welle Telegram арнасы мәлімдеді, хабарламада Reuters агенттігінің ақпараты келтірілген. Агенттік Meta мен АҚШ-тағы бірқатар мектеп округтері арасындағы әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге зияны туралы сот ісі кезінде ұсынылған құжаттарға сілтеме жасайды.
Құжаттарға сәйкес, Meta 2020 жылы Project Mercury атты зерттеу жобасын ұйымдастырған. Зерттеу аясында Facebook қолданушыларына әлеуметтік желіге белгілі бір уақыт кірмеу ұсынылған.
Бір апта «офлайн» болғаннан кейін-ақ қатысушылар «депрессия, алаңдаушылық, жалғыздық және әлеуметтік қысым сезімінің азайғанын» хабарлағаны материалда жазылған.
Осыдан көп ұзамай зерттеу тоқтатылған, алайда оның қорытындылары жарияланбаған. Компания өкілі зерттеу нәтижелерін жасыру туралы айыптарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, зерттеу әдістемелік олқылықтарға байланысты тоқтатылған.
IXBT жазғандай, Meta тіпті өз қызметкерлеріне де нәтижелерді ақтауға тырысып, ол кезде компанияға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар зерттеу қорытындыларына әсер еткенін алға тартқан.
Платформаларының қолданушылардың психикалық денсаулығына кері әсері бар екенін өз зерттеуі дәлелдегеніне қарамастан, Meta АҚШ Конгресіндегі тыңдаулардың бірінде өз өнімдерінің жасөспірім қыздарға қаншалықты зиян екенін сандық тұрғыда бағалай алмайтынын мәлімдеген.
