Муай-тайдан мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпиондары Камила Табулова мен Артем Ван-Хон-Тунды Петропавлда салтанатты түрде қарсы алды

Солтүстікқазақстандық спортшылар Камила Табулова мен Артем Ван-Хон-Тун Малайзиядан алтын медальмен оралды. Олар мектеп оқушылары арасында өткен муай-тайдан әлем чемпионатында топ жарып, әлем чемпионы атанды. Жеңімпаздарды Петропавл әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп жазады QZ News тілшісі.
Халықаралық додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 8 бен 18 жас аралығындағы 800-ге жуық спортшы қатысты. Камила Табулова – Қазақстанның алты дүркін чемпионы, Анталия кубогының екі дүркін жеңімпазы және әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Бұл салмақта чемпиондық атаққа бес спортшы таласты. Камила олардың екеуімен жекпе-жек өткізді.
«Алғашқы жекпе-жегім Шри-Ланка өкілімен өтті. Екінші кездесуде Ресей спортшысымен күш сынастым. Осы алтын медальға жету үшін ұзақ еңбек еттім. Тай боксымен айналысқаныма алты жыл болды», – деді спортшы.
Табандылық, тәртіп, жақындарының және жаттықтырушысының қолдауы оған басты мақсатына – әлем чемпионы атануға мүмкіндік берді. Спортшының айтуынша, ол әлі күнге дейін бұл жеңіске толық сене алар емес.
«Әлі күнге дейін әлем чемпионы атанғанымды толық сезіне қойған жоқпын. Өте бақыттымын әрі мені қарсы алуға келген әрбір жанға алғыс айтамын. Осындай жандардың ортасында жүргеніме қуаныштымын. Ата-анама, жаттықтырушыларыма және маған сенім білдірген барша жанға үлкен рақмет», – деді Камила Табулова.
Ал Артем Ван-Хон-Тун чемпионат барысында бес жекпе-жек өткізді. Оның 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 18 қарсыласы болды. Ол муай-таймен сегіз жылға жуық уақыттан бері айналысады. Артем – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Анталия кубогының жеңімпазы, сондай-ақ 2022 және 2024 жылдары әлем чемпионаттарының қола жүлдегері атанған. Ал Малайзиядағы дүбірлі додада ол алғаш рет әлем чемпионатының алтын тұғырына көтерілді.
