СҚО-да 100 миллиард теңгеге заманауи тау-кен байыту комбинаты салынады

Солтүстік Қазақстан облысында экономиканың нақты секторына ірі инвестициялар тарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі. Маңызды жобалардың бірі – Айыртау ауданындағы «Баян» вольфрам кен орнын игеру және оның базасында заманауи тау-кен байыту комбинатын салу.
Жобаны іске асыру мәселелері облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қытайлық Shandong Xinhai Technology компаниясының тең құрылтайшысы Ли Чуаньжанмен және «Ресурс-2018» ЖШС даму жөніндегі директоры Константин Луценкомен кездесуінде талқыланды.
Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылмақ. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 100 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынның құрылысы мен оны пайдалану кезеңінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Өңір басшысының айтуынша, инвестиция тарту, заманауи өндірістерді дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру облыс басшылығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
– Біздің облыс үшін инвестиция тарту, заманауи өндірістер құру және жаңа жұмыс орындарын ашу басты басымдықтардың бірі болып саналады. Бұл жобаның жүзеге асуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, өндіріс пен экспорт көлемін арттыруға, облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ аудан экономикасының дамуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына елеулі үлес қосады, – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.
