Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Құрылыс нысандарындағы заңсыз жұмысшылар екі петропавлдықты қылмыстық жауапкершілікке тартуға себеп болды

Құрылыс нысандарындағы заңсыз жұмысшылар екі петропавлдықты қылмыстық жауапкершілікке тартуға себеп болды

June 29, 2026 13:00

Петропавлда шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілері анықталғаннан кейін екі жұмыс берушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Заң бұзушылықтарды облыс орталығындағы құрылыс нысандарын тексеру барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері анықтады.

«Петропавл қаласындағы екі құрылыс нысанын тексеру барысында тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметін атқарған Өзбекстан Республикасының 11 азаматы анықталды. Бұл заң бұзушылыққа жол берген жұмыс берушілер бұған дейін де осындай фактілер бойынша жауапкершілікке тартылған болатын. Заң талаптарын қайталап бұзғандықтан, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалды», – деп хабарлады полицияда.

Көші-қон заңнамасын қайталап бұзу Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет сақтамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз болды. Аталған баптың санкциясы 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды көздейді.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында шетелдік азаматтардың еңбегін заңсыз пайдаланғаны үшін 57 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Қазақстанда болу қағидаларын бұзғаны үшін 826 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың 39-ы ел аумағынан шығарылды.

Көші-қон қызметінің мамандары жұмыс берушілерге шетел азаматтарын жұмысқа қабылдау кезінде заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Полицияның атап өтуінше, көші-қон заңнамасын сақтау – заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі.

Shares