Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ғауез Нұрмұхамбетов пен ҚР Көлік вице-министрі СҚО-дағы үш теміржол вокзалының ашылуына қатысты

Ғауез Нұрмұхамбетов пен ҚР Көлік вице-министрі СҚО-дағы үш теміржол вокзалының ашылуына қатысты

June 29, 2026 13:26

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Еліміз бойынша жалпы саны 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Солтүстік Қазақстан облысында күрделі жөндеуден өткен Саумалкөл, Жаңаесіл және Тайынша теміржол вокзалдары қайтадан пайдалануға берілді.

Жаңартылған вокзалдардың салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.

Қайта жаңғырту барысында вокзал ғимараттарының қасбеттері мен ішкі бөлмелері толық жаңартылып, инженерлік желілер заманауи талаптарға сай жаңғыртылды, сондай-ақ айналасы абаттандырылды. Жолаушыларға, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Енді вокзалдар қауіпсіздік, қызмет көрсету сапасы және қолжетімділік бойынша қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келеді.

Облыс әкімінің айтуынша, теміржол вокзалдарын жаңарту тек көлік жүйесін дамыту үшін ғана емес, елді мекендердің өсіп-өркендеуі үшін де маңызды.

«Теміржол вокзалдары ондаған жылдар бойы маңызды көлік тораптары әрі елді мекендердің тарихының ажырамас бөлігі болып келеді. Оларды жаңғырту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, көлік қолжетімділігін жақсартуға және өңір тұрғындары мен қонақтарының қажеттіліктеріне сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға қосылған маңызды үлес», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Өңір басшысы сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын жаңартылған нысандардың ашылуымен құттықтап, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан құрылысшыларға, жобалаушыларға, теміржол саласының қызметкерлеріне және барлық мамандарға алғысын білдірді.

Shares