ЭКГ мен рентгенге енді Damumed қосымшасы арқылы жазылуға болады

Петропавл қаласындағы №2 қалалық емханада онлайн талон жүйесі енгізілді. Енді бірқатар медициналық процедураларға емханаға барып, талон алудың қажеті жоқ. Қабылдауға алдын ала Damumed мобильді қосымшасы арқылы жазылуға болады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жаңа жүйе шамамен бір айдан бері жұмыс істеп келеді. №2 қалалық емхананың директоры Нұржан Тағаниязовтың айтуынша, медициналық мекеме қалада мұндай жазылу форматын алғашқылардың бірі болып енгізген.
«Damumed мобильді қосымшасы арқылы онлайн талон алуға болады және белгіленген уақытта келесіз. Мысалы, сізге 13 немесе 14-талон берілсе, сағат 9 немесе 10-ға қарай келе аласыз. Таңертеңнен бастап осында келіп, кезек күтудің қажеті жоқ», – деп түсіндірді мекеме басшысы.
Электронды жазылу бірқатар процедураларға қолжетімді. Олардың қатарында ЭКГ, рентгенография, флюорография, маммография және қан алу бар. Талон алу үшін қосымшадағы «Менің емханам» бөліміне кіріп, одан кейін «Қолжетімді қызметтер» тармағын таңдап, қажетті процедураны белгілеу керек.
Емхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай тәсіл пациенттерге медициналық мекемеге баруды алдын ала жоспарлауға және күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, скринингтен өтуге арналған талонды да қашықтан алуға болады.
Сонымен қатар қала тұрғындарының жаңашылдыққа көзқарасы әртүрлі. Бірі электронды жазылуды үйден шықпай-ақ талон алуға мүмкіндік беретін ыңғайлы шешім деп санайды. Ал енді бірі әзірге үйреншікті тәсілдерді – телефон арқылы жазылуды немесе емханадағы терминалды пайдалануды жөн көреді.
«Халыққа жеңіл әрі ыңғайлы болсын деп жақсы дүниелер ойлап табуға тырысып жатыр», – деді келушілердің бірі.
Басқа пациенттер телефон немесе терминал арқылы жазылуды жалғастырып жатқанын айтса, кейбірі кезекті ұйымдастыру барысында туындауы мүмкін қиындықтарға назар аударды.
Емханада медициналық қызметтерді цифрландыруды жалғастырып, медициналық көмекті алу үдерісін барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге мүмкіндік беретін шешімдерді іздеу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын, оның ішінде цифрлық ассистенттерді пайдалану да қарастырылуы мүмкін.
