Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда судың тарифін текше метріне 139 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр

Петропавлда судың тарифін текше метріне 139 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр

October 9, 2026 12:28

 

Петропавлда сумен жабдықтау тарифтерінің алдағы уақытта өсуі және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жоспарлары талқыланды. Қоғамдық тыңдауда «Қызылжар су» ЖШС алдағы жылдарға арналған тариф жобаларын ұсынды. Егер ұсыныс мақұлданса, келесі жылы халық үшін судың бір текше метрінің құны 101 теңгеден 139 теңгеге дейін, яғни 38 пайызға қымбаттайды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Тарифті көтеру желілерді жөндеу мен жаңғыртуға көбірек қаражат салу қажеттілігімен түсіндіріліп отыр. Коммуналдық инфрақұрылымның едәуір бөлігі жаңартуды қажет етеді. Ал оның жағдайы сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің сенімділігіне тікелей әсер етеді. Негізгі міндеттердің бірі – құбырлардың тозуын азайтып, тұрғындар судың үзіліп берілуіне тап болатын апаттық жағдайлардың санын қысқарту.

«Қызылжар су» ЖШС бас директоры Жеңіс Сұлтанов кәсіпорын жұмысы мемлекет қойған міндеттер аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының монополистер алдына қойған негізгі міндеттерінің қатарында желілер мен жабдықтардың тозуын азайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және нарық жағдайына сай жалақы деңгейін көтеру бар. «Қызылжар су» ЖШС Ұлттық жобаны іске асыруға қатысуда. Оның аясында МЭКС электрондық платформасында 24 млрд теңгеге сатып алу рәсімі өткізілді», – деді кәсіпорын басшысы.

Алдағы инвестициялар коммуналдық шаруашылықтың бірнеше бағытын қамтиды. Инвестициялық бағдарлама аясында 26 шақырым су құбыры мен 10 шақырым кәріз желісін қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар су тазарту құрылыстарының екінші кезегін қайта жаңғырту, 30 сорғы станциясы мен 11 кәріздік сорғы станциясын күрделі жөндеуден өткізу көзделген.

Шығындардың тағы бір бөлігі техникаларды жаңартуға және есепке алу құралдарын орнатуға бағытталады. Кәсіпорын жалпы құны 153 млн теңге болатын екі илосос сатып алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Петропавлдағы көппәтерлі тұрғын үйлерге сумен жабдықтауды есепке алу құралдарын орнатуға 302 млн теңге қарастырылған.

Инвестициялық бағдарламаның жалпы көлемі – 16 млрд 476 млн теңге. Жеңіс Сұлтановтың айтуынша, оны жүзеге асыру қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттырып, су құбырлары желілерінің тозуын 7,5 пайызға, ал кәріз желілерінің тозуын 3 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

«Қызылжар су» ЖШС қызметін 94 мыңнан астам тұтынушы пайдаланады. Алдағы тарифтік өзгеріс қала тұрғындары үшін су бағасының тағы да өсуіне әкелмек. Тариф соңғы рет 1 сәуірде қайта қаралып, сол кезде судың бір текше метрінің құны 9 теңгеге қымбаттаған еді.

Shares