Ғабит Мүсірепов ауданында 16 млрд теңгеге элеватор, 80 млрд теңгеге май экстракциялау зауыты салынады

Ғабит Мүсірепов ауданында ауданаралық аурухана ашу жоспарланып, жаңа астық қоймалары салынып жатыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар іске қосылуға дайындалуда. Инвестициялық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен жұмыс сапары кезінде СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Маңызды мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Новоишим ауылында төрт жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай тұрған бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратын қайта жаңғырту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда бірнеше ауданның 95 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін ауданаралық аурухана ашылуы мүмкін. Өңір басшысы жобаны жан-жақты пысықтауды, сондай-ақ Тахтаброд ауылындағы медицина кадрларының тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды.
Ауылдық денсаулық сақтау саласына жергілікті кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде. Ғабит Мүсірепов ауданы Мағжан Жұмабаев ауданының аграрийлері бастаған игі бастамаға қосылған үшінші аудан болды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаражатына аудандық аурухана үшін жалпы құны шамамен 70 млн теңге болатын жеті жедел жәрдем көлігі сатып алынды.
Енді аудандағы 17 ауылдық округтің барлығы арнайы медициналық көлікпен қамтамасыз етілді.
Ғауез Нұрмұхамбетов бизнес өкілдеріне медицина саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, мұндай ынтымақтастықтың ауылдық аумақтар үшін маңыздылығын атап өтті.
Жергілікті өнеркәсіптің алдында да ауқымды міндеттер тұр. Ауданда өндірістік қуаттарды арттыруға және ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Ақ Нан Север» ЖШС құны 16 млрд теңгеден асатын элеватор кешені бар фуд-парк салуда. Бірінші кезеңде сыйымдылығы 80 мың тоннадан асатын астық қоймасы мен сағатына жалпы 400 тонна астық кептіретін екі мұнара қарастырылған. Алдағы уақытта астық сақтау көлемін 400 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Дайын өнім өндіру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстан Бидайы» ЖШС жарма мен үлпек өндіретін зауытты іске қосуға дайындалуда. Ал «Kazmeal Ltd» компаниясы экспортқа бағытталған құрамажем өндірісін дамытып жатыр.
Тағы бір ірі жоба – «Kazmeal Oil» компаниясының май экстракциялау зауытын салуы. Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 80 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек, облыс әкімі өсімдік майын өндіретін «Маслодел» кәсіпорнына барды.
Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін өңірдің өзінде арттырып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған нысандарға да назар аударылды. «Колос 2020» ЖШС 20 жылдан астам уақыт жұмыс істемеген мұнай базасын сатып алып, оны қалпына келтіруге 450 млн теңге инвестиция салған. Нысанды аралау қорытындысы бойынша өңір басшысы аудан әкімдеріне осындай кәсіпорындарды қайтадан шаруашылық айналымына қосу үшін инвесторлар тарту жұмысын жандандыруды тапсырды.
Жұмыс сапары аудан тұрғындарымен кездесумен аяқталды. Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, түскен өтініштер бақылауға алынды.
