Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавл дәрігерлері ата-аналарды балаларды ашық терезелер мен су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды

Петропавл дәрігерлері ата-аналарды балаларды ашық терезелер мен су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды

June 2, 2026 19:02

СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының ортопед-травматолог дәрігері Шыңғыс Нұрғалиев балалар қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жазғы демалыс кезеңінде балалар жарақатының саны дәстүрлі түрде артады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Балалардың басым бөлігі жарақатты төтенше жағдайларда емес, ересектердің жеткіліксіз бақылауы немесе қауіп-қатерді дұрыс бағаламауы салдарынан күнделікті өмірде алады. Балалар жарақаты денсаулыққа ауыр зардаптар әкелетіндіктен, маңызды медициналық-әлеуметтік мәселе болып қала береді. Сонымен қатар мұндай оқиғалардың едәуір бөлігінің алдын алуға болады.

«Жылы мезгілде көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету жағдайлары ерекше алаңдаушылық тудырады. Москит торы қорғаныс құралы болып саналмайды және баланың салмағын көтере алмайды. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін терезелерге арнайы бекіткіштер мен шектеу құрылғыларын орнатып, терезе алдындағы жиһаздарды алып тастау қажет. Сонымен қатар самокат пен велосипед мінген балалардың қатысуымен болатын жол-көлік жарақаттары да өзекті мәселе болып отыр. Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтпес бұрын міндетті түрде көліктен түсіп жүру керек екенін еске саламыз», – деді Шыңғыс Нұрғалиев.

Дәрігер жол-көлік оқиғаларынан бөлек, ойын алаңдарында соғылу мен сүйек сынуы қаупіне, сондай-ақ тұрмыстық жарақаттарға да назар аударды. Үй жағдайында тұрмыстық құралдардан болатын күйіктер, тұрмыстық химия мен дәрі-дәрмектердің қолжетімді болуы үлкен қауіп төндіреді. Балалар оларды кәмпитпен шатастырып, пайдаланып қоюы мүмкін. Сондықтан барлық қауіпті заттар мен дәрі-дәрмектер балалардың қолы жетпейтін жерде сақталуы тиіс.

Брифинг барысында судағы қауіпсіздік мәселесі де қозғалды. Мамандардың айтуынша, шомылу кезінде кез келген жастағы балалар ата-аналардың үздіксіз бақылауында болуы қажет.

Shares