ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов Петропавлда әлеуметтік желілердегі заңсыз үндеулердің жолы қатаң түрде кесілетіндігі туралы мәлімдеді

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов келді. Ол Qyzyljar creative center базасында азаматтарды жеке қабылдап, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізіп, тұрғындармен кеңейтілген кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
БАҚ өкілдерін, театр, кітапхана және архив саласының қызметкерлерін қарсы алған вице-министр сапарының басты мақсаты профильдік саладағы реформалар туралы есеп беру ғана емес, өңірдегі мәдениет және ақпарат саласы өкілдерінің өзекті мәселелерін тыңдап, оларды бірлесіп шешу жолдарын қарастыру екенін атап өтті. Кездесудегі алғашқы тақырыптардың бірі отандық медиа нарығын дамыту мәселесі болды.
– Қазақстанда 3000-нан астам мерзімді басылым тіркелген, жалпы саны 5000-нан астам бұқаралық ақпарат құралы бар. Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 100 БАҚ жұмыс істейді, олардың 70 пайыздан астамын мерзімді баспа басылымдары құрайды. Тағы бір тоқталғым келетін бағыт – заңнамалық өзгерістер. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, өкінішке қарай, түрлі арандатушылық сипаттағы үндеулер мен негізгі қағидаттарды бұзатын контент көбейіп кетті. Бұл құқықтық және қоғамдық келісім қағидаттарына қайшы келеді. Мемлекет басшысы да атап өткендей, мұндай әрекеттермен қатаң күрес жүргізіледі. Ұлтаралық немесе тілдік алауыздықты қоздыруға бағытталған кез келген үндеулердің жолы заң аясында қатаң түрде кесілетін болады, – деді Қанат Ысқақов.
Министрдің бірінші орынбасары қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін ерекше атап өтті.
– Біз азаматтардың әлеуметтік желілердегі мінез-құлқын реттейтін бірқатар заңдарға өзгерістер енгіздік. Бұл қандай да бір мәселені көтеруге тыйым салынады деген сөз емес. Керісінше, әлеуметтік желілер – проблемаларды шешудің қосымша құралы. Бірақ олар заңдылық пен қоғамдық тәртіптің негізгі қағидаттарын бұзуға пайдаланылмауы тиіс, – деп түйіндеді Қанат Ысқақов.
