Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Репозициядан эндопротездеуге дейін: СҚО тұрғындарына МӘМС аясында қандай травматологиялық көмек көрсетіледі

Репозициядан эндопротездеуге дейін: СҚО тұрғындарына МӘМС аясында қандай травматологиялық көмек көрсетіледі

August 13, 2026 20:23

2026 жылдың жеті айында Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында «жарақат» бейіні бойынша 869 ота жасалды. Көрсетілген медициналық көмектің жалпы құны 287 млн 159 мың теңгеден асты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

СҚО бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, жасалған операциялардың 461-і ересек пациенттерге, ал 408-і 18 жасқа дейінгі балаларға жүргізілген.

Ересек тұрғындарға жасалған операциялардың ең көп саны Петропавл қаласының көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында орындалған – 376. Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасында 42 операция, Айыртау аудандық ауруханасында – 18, Шал ақын аудандық ауруханасында – 15, Ақжар аудандық ауруханасында – 7, Аққайың аудандық ауруханасында 3 операция жасалған.

Балалар арасында негізгі жүктеме көпбейінді облыстық балалар ауруханасына түскен. Мұнда жеті айда 404 операция орындалған. Тағы төрт операция аудандық ауруханаларда жасалған: оның үшеуі – Тайыншада, біреуі – Айыртауда.

Қор филиалында атап өткендей, ең қымбат операциялардың қатарына жамбас және тізе буындарын ауыстыру бойынша хирургиялық араласулар жатады. Жеті ай ішінде Петропавл қаласының көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында осындай 9 жағдай тіркеліп, оларға 14 млн 280 мың теңге жұмсалған. Жеті пациентке жамбас буыны ауыстырылса, тағы екі жағдайда тізе буынына эндопротездеу жасалған.

Ең жиі орындалатын операциялардың қатарында сынықтар мен ығысуларды репозициялау бар. Мұндай 171 операция жүргізілген. Сонымен қатар 64 пациенттің сүйектеріне бұрын орнатылған фиксациялау құрылғылары алынып тасталған. Тағы 49 жағдайда жіліншік пен шыбық сүйектерінің сүйек бөліктеріне ашық репозиция жасалып, ішкі фиксация жүргізілген.

«Аталған операциялар МӘМС аясында шұғыл да, жоспарлы түрде де жүргізілді. Бұл ретте МӘМС бойынша операциялар сақтандырылған азаматтарға қолжетімді. Бір операцияның орташа құны шамамен 330 мың теңгені құрады», – деді филиал директорының міндетін атқарушы Талғатбек Тілеубердин.

Қор мәліметінше, жарақат бейіні бойынша көрсетілетін медициналық көмектің көлемі айтарлықтай. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жалпы саны 1 622 травматологиялық операция жасалып, оған 591 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Медициналық көмек ересектерге де, балаларға да көрсетіледі. Көрсетілетін қызметтер тізіміне сынықтар мен жарақаттарды емдеу, фиксациялау құрылғыларын алып тастау, сондай-ақ буындарды ауыстыру бойынша күрделі операциялар кіреді.

Shares