Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының жаңа басшысы тағайындалды

СҚО-да Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының жаңа басшысы тағайындалды

June 22, 2026 11:02

Өңір басшысының өкімімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы лауазымына Мафруза Науанова тағайындалды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Мафруза Тасболатқызы Науанова 1975 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Қазанка ауылында дүниеге келген. Оның жоғары білімі бар: Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын және Көкшетау экономика және менеджмент институтын «Математика және информатика» және «Экономика» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

Еңбек жолын Володар орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Айыртау ауданы әкімі аппаратында бас маман және бөлім басшысы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту салаларындағы аудандық және қалалық бөлімдерді басқарған, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары қызметін де атқарған.

Айта кету керек, Мафруза Науанованың әлеуметтік салада мол тәжірибесі бар. Ол облыстық Білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімін басқарған.

Осы тағайындауға дейін Мафруза Тасболатқызы СҚО әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Shares