СҚО-да қоныс аударған фермерлерден мемлекеттік несиелерді мерзімінен бұрын қайтару талап етілуде

Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы жалпы сомасы 13,8 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік несиелерді мерзімінен бұрын қайтару талабы қойылған қоныс аударған фермерлердің құқығын қорғауға кірісті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Күрделі жағдайға еліміздің оңтүстік өңірлерінен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген үш отбасы тап болған. «Солтүстік» ӘКК» АҚ оларға ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында алынған қарыздарды мерзімінен бұрын қайтару туралы талап жолдаған. Бұған мемлекеттік аудит қорытындылары негіз болған. Аудиторлар сатып алынған малдың бір бөлігін сою мен сатуды бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану ретінде бағалаған.
Мұндай ұстаныммен кәсіпкерлер үзілді-кесілді келіспей, көмек сұрап өңірлік Кәсіпкерлер палатасына жүгінген.
Мәселе үш жеке кәсіпкерге қатысты болып отыр: «Бахадир» ЖК, «Тілеужан» ЖК және «Сабохат» ЖК. Олар 2023 жылы мал шаруашылығын дамыту үшін «Солтүстік» ӘКК арқылы жеңілдетілген қаржыландыру алған. Атап айтқанда, «Тілеужан» ЖК сегіз бас ірі қара сатып алу үшін 2,92 млн теңге несие рәсімдесе, «Бахадир» ЖК 13 жылқы сатып алып, жем-шөп дайындау үшін 8,6 млн теңге алған. Ал «Сабохат» ЖК бес бас ірі қара сатып алу және жем-шөп базасын қалыптастыру мақсатында 2,3 млн теңге несие алған.
«Кәсіпкерлер өздеріне қойылған талаптармен келіспейді. Олар келісімшарттағы негізгі міндеттемені орындады: 90 күн ішінде мал сатып алып, қаражаттың мақсатты жұмсалғанын растады. Алайда кейіннен малдың бір бөлігі сатылып, бір бөлігі сойылған. СҚО тексеру комиссиясы малды иеліктен шығарудың өзін заңбұзушылық әрі мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану деп таныды», – деп түсіндірді СҚО Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы Айдос Кеңпейілов.
Аудиторлардың нұсқамасы негізінде «Солтүстік» ӘКК қарыз алушылардан алынған қаражатты белгіленген мерзімнен бұрын толық көлемде қайтаруды талап еткен.
Құжаттарды зерделеген Кәсіпкерлер палатасы фермерлердің ұстанымын қолдады. Мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысушылардың барлығы үш ай ішінде қажетті құжаттардың толық пакетін тапсырған. Сонымен қатар, несиелер бойынша төлемдер уақытылы жүргізіліп келеді, қарыз немесе мерзімі өткен берешек жоқ.
Айдос Кеңпейіловтің айтуынша, азаматтық заңнамада меншік иесіне малды сатуға немесе союға тыйым салынбаған. Егер несие қаражатының мақсатты пайдаланылғаны мал сатып алынғаннан кейін расталса, кейіннен өнімді өткізу автоматты түрде бағдарлама талаптарын бұзу болып саналмайды.
Кеңес отырысында өз оқиғасымен бес жыл бұрын Шымкент қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған кәсіпкер Бахадир Исматуллаев бөлісті.
«Біз 13 жылқы сатып алдық және оларды еркін жайылымда ұстаймыз деп жоспарладық. Бірақ қыс өте қатал болып, жеті жылқы қырылып қалды. Мұндай климаттық жағдайларға дайын болмадық. Көктемде қалған жылқыларды сатып, түскен қаржыға ірі қара мал алдық. Қазір шаруашылығымызда 50 бас ірі қара бар. Оның бір бөлігі жұбайымның атына рәсімделген, өйткені олар басқа несие бағдарламасы арқылы алынған. Бес жыл ішінде осы өңірге үйреніп, орнықтық. Әрине, барлық шаруашылығымды сатып, несиені жауып, оңтүстікке қайта кетуіме болады. Бірақ менің мақсатым бұл емес. Мен мал шаруашылығын дәл осы жерде дамытқым келеді», – деді фермер.
«Солтүстік» ӘКК» АҚ өкілі Талғат Жұмабековтің айтуынша, бақылаушы органдардың пікірінше, егер несие жеті жыл мерзімге берілсе, несиеге алынған мал басы осы мерзімнің соңына дейін сақталуы тиіс. Алайда ол 2023 жылы жасалған келісімшарттарда мұндай талап болмағанын, тиісті нормалар кейінірек енгізілгенін мойындады.
Кеңес мүшелері ревизорлардың ұстанымын даулы деп бағалап, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолданыстағы қағидаларында да өсірілген малды сатуға тыйым салынбағанын атап өтті. Қоныс аударушылардың мүддесін қорғау мақсатында, олардың бірі тіпті оңтүстікке қайта көшу мүмкіндігін қарастырып отырғанын ескере отырып, Кеңес мәселені шешудің екі жолын ұсынды.
Біріншіден, «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ға несиелерді мерзімінен бұрын қайтару туралы талаптарды кері қайтарып алу ұсынылды. Екіншіден, егер іс сотқа жететін болса, Кәсіпкерлер палатасы фермерлерге құқықтық қолдау көрсетіп, олардың мүдделерін сотта қорғауға дайын екенін мәлімдеді.
