СҚО дәрігерлері жазғы демалыс кезінде балалардың денсаулығы мен физикалық дамуын бақылауды күшейтеді

СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саржанов «Қазақстан балалары 2026–2030 жылдарға арналған» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы және өңірлік «Салауатты жаз» бағдарламасының басталуы туралы баяндады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Спикердің айтуынша, жаңа бесжылдық тұжырымдама қауіпсіздік, білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салаларында өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған кешенді шараларды біріктіреді. Медициналық бағыттағы негізгі міндеттер қатарында педиатриялық қызметті жетілдіру, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және балалар мен жасөспірімдер арасындағы ауруларды ерте анықтау мәселелері бар.
– Ауқымды құжаттың негізгі бағыттарының бірі – психикалық денсаулықты қорғау жүйесін нығайту. Қазақстанда кәмелетке толмағандарды психологиялық сүйемелдеу қызметін едәуір кеңейту және заманауи цифрлық диагностикалық құралдарды енгізу жоспарланып отыр. Бұл мамандарға баланың эмоционалдық қиындықтарын дер кезінде анықтап, қажетті көмекті жедел көрсетуге мүмкіндік береді. Тұжырымдаманың табысты жүзеге асуы министрліктер мен басқармалар арасындағы тиімді өзара іс-қимылға тікелей байланысты, – деді Нұрсұлтан Саржанов.
Спикер қазіргі профилактикалық жұмыстарға да тоқталды. «Салауатты жаз» бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдарында жазғы демалыс кезінде балаларды тереңдетілген профилактикалық тексеруден өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Дәрігерлер әр баланың физикалық даму деңгейін бағалап, сауықтыру шараларын жүргізіп, қауіпсіз жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіретін болады.
Сонымен қатар өңірде ата-аналар арасында санитариялық-ағарту жұмыстары күшейтілді. Солтүстікқазақстандықтарға балалардың дұрыс тамақтану қағидалары, сондай-ақ маусымдық жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді жолдары кеңінен түсіндірілуде.
