СҚО ТЖД құрамасы «Өрт сөндіруші кроссфиті» республикалық турнирінің бас жүлдесін жеңіп алды

Петропавл қаласының орталық алаңында «Өрт сөндіруші кроссфиті – Солтүстік кубогы» республикалық турнирі өтті. Кәсіби жарысқа Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау академиясынан және Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінен келген 30-ға жуық үздік қызметкер қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Турнир жаңартылған жарыс бағдарламасының арқасында еліміздегі ең күрделі сайыстардың бірі болды. Ұйымдастырушылар өрт сөндіруші кроссфитінің халықаралық тәжірибелерін енгізіп, сынақ кезеңдерінің санын сегізге дейін арттырды.
Құтқарушылар барлық кезеңдерді толық жауынгерлік киіммен өтті. Арнайы жабдықтардың жалпы салмағы 30 келіден асты. Қатысушылар кедергілерден жылдам өтіп, ауыр заттарды тасымалдады, өрт сөндіру жеңқұбырларын төседі, шартты зардап шеккен адамды эвакуациялады және бірнеше тонналық өрт сөндіру автокөлігін сүйреді.
Бұл жаттығулар ірі өрттер мен төтенше жағдайларды жою кезінде күнделікті қажет болатын құтқарушылардың нақты кәсіби дағдыларын көрсетуге бағытталған.
Іс-шараның арнайы қонақтары ретінде тәжірибе алмасу және шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ресей ТЖМ-нің Қорған облысы бойынша Бас басқармасының өкілдері қатысты. Тартысты бәсеке қорытындысы бойынша Қарағанды облысы ТЖД командасы құрметті үшінші орынды иеленді. Күміс жүлде Қостанай облысының құтқарушыларына бұйырды.
Ал жарыстың абсолютті жеңімпазы атанып, басты жүлде – «Солтүстік кубогын» жеңіп алған Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің командасы кубокты туған жерде қалдырды.
