Солтүстік Қазақстандағы швед тәжірибесі: М.Жұмабаев ауданындағы оқушыларға арналған «Орман мектебі» өтті

Солтүстік Қазақстан облысының М.Жұмабаев ауданында жаңадан ашылған орман өрт сөндіру станциясының базасында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Орман мектебі» ұйымдастырылды. Игі бастаманы СҚО прокуратурасы қолға алған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Экологиялық сабаққа аудан мектептерінің оқушылары қатысты. Балаларға өңірдің табиғи алуантүрлілігі, ормандағы қауіпсіздік ережелері, орман өрттерінің алдын алу және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.
Мектеп оқушыларына өртті анықтау және сөндіру кезінде қолданылатын заманауи техника мен жабдықтар да таныстырылды. Мамандар орман қорын қорғау бағытындағы жұмыстары туралы айтып берді.
Бағдарламаның бір бөлігі орман тәлімбағына экскурсия жасауға арналды. Мұнда оқушылар көшет материалдарының қалай өсірілетінін көріп, орманды қалпына келтірудің маңызын білді.
«Орман мектебі» балаларға экологиялық тәрбие беру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруда осындай форматты қолданатын Швеция тәжірибесі негізінде ұйымдастырылды.
«Табиғатты қорғау мәдениеті бала кезден қалыптасуы маңызды. Практикалық сабақтар оқушыларға тек білім алып қана қоймай, орманды сақтаудың артында қандай еңбек тұрғанын көруге және әр адамның табиғи ресурстарға ұқыпты қарауы қажеттігін түсінуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті облыстық прокуратурада.
Ұйымдастырушылар мұндай экологиялық іс-шараларды СҚО-дағы өзге де орман шаруашылығы мекемелерінің базасында өткізуді жалғастыруды жоспарлап отыр.
