Петропавлда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен профилактикасының бірыңғай жүйесін құру мәселесі талқыланды

Петропавлда «Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі: профилактика мен әрекет етудің бірыңғай жүйесі» тақырыбында ведомствоаралық кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері мен қаладағы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, суицидтік мінез-құлыққа жол бермеу, балаларды жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардан қорғау, сондай-ақ оқушылар мен жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Мектеп, ата-ана, құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Қазірдің өзінде туындаған мәселелерге дер кезінде әрекет етумен қатар, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтау маңызды.
СҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сайран Саркенов профилактикалық жұмыс балалардың қауіпсіздігіне қатысты барлық бағытты қамтуы тиіс екенін атап өтті.
«Біз мектеп директорларына, мұғалімдерге, әлеуметтік педагогтерге және колледж басшыларына кәмелетке толмағандардың қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеуі, сондай-ақ жауапкершілік туралы ақпарат жеткіземіз», – деді ол.
Полиция өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта республика көлемінде «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оған білім беру, прокуратура, әлеуметтік сала және полиция өкілдері жұмылдырылған.
«Іс-шара кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған. Сонымен қатар күн сайын, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, Петропавл қаласында кешкі және түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен жастар көп жиналатын жерлерде рейдтік іс-шаралар жүргізіледі», – деді Сайран Саркенов.
Мектептерде профилактикалық жұмыстың едәуір бөлігі оқу процесінің өзінде жүргізіледі. Петропавл қаласындағы №12 орта мектептің директоры Айтқожа Бәукенов қауіпсіздік мәселелері мектепішілік жиындар мен сынып сағаттарында тұрақты түрде қаралатынын айтты.
«Біздің мектепте 200 оқушы білім алады. Сонымен қатар мектеп жанында шағын орталық бар. Әр дүйсенбі сайын жалпы мектептік жиын өтеді. Онда өткен аптаға қорытынды жасалып, міндетті түрде балалардың қауіпсіздігіне, әсіресе жолдағы қауіпсіздікке назар аударамыз», – деді мектеп басшысы.
Мектеп Былғары зауыты және Кирпичный атты екі елді мекенге қызмет көрсетеді. Көптеген оқушы үшін білім беру ұйымына дейінгі жол көлік қозғалысының қарқынды болуына байланысты қауіп тудыруы мүмкін.
«Соңғы үш жылда балаларды автобуспен тасымалдай бастағанымызға қарамастан, жол қашық, ал тас жолда көлік қозғалысы өте қарқынды. Ол жерде көлік көп жүреді. Жаяу жүргіншілер өткелі болғанымен, бұған дейін балаларымызды көлік қағып кеткен екі жағдай тіркелді. Сондықтан бізге автобус бөлініп, қазір балаларды орталықтандырылған түрде тасымалдаймыз», – деді Айтқожа Бәукенов.
Мектепте профилактикалық әңгімелерге де ерекше көңіл бөлінеді. Директордың айтуынша, әр дүйсенбі сайын сынып сағаттары өткізіліп, педагогтер балалармен өзекті тақырыпқа байланысты қауіпсіздік мәселелерін талқылайды.
