Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ерлер әйелдерге байланысты құмар ойындарға құмартады

Ерлер әйелдерге байланысты құмар ойындарға құмартады

Жамбыл облысының шенеуніктері ерлердің құмар ойынға аса құмар болуына  әйелдер себепші деп санайды. Олардың пікірінше, әйелдердің қаржылық мұқтаждығы осындай қадамға алып келеді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі NewTimes.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы құмар ойынға тәуелділіктің психологиялық себептерін атады:

Отбасылық және тұлғааралық проблемалар, үнемі жалғыздық сезімі;
Өзін-өзі төмендете бағалау;
Ойыншылардың отбасында және жақын топта болуы;
Ақшаны тез және оңай табуға деген ұмтылыс.

Мамандар құмар ойын ойнайтын адам психикалық тұрғыдан шаршап, депрессияға ұшырап, өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін де атап өтті.

«Психосоматикалық тұрғыдан алғанда, ересек шақтағы әдеттердің көпшілігі балалық шақта пайда болады. Кейбір ер адамдар әйелдердің қажеттіліктерін қанағаттандыра алмағандықтан, көп ақша табуға тырысады. Осылайша ол оңай жолмен ақша табуды ұйғарады. Оның соңы құмар ойындарға алып келеді. Құмар ойындар адамның әлеуметтік қарым-қатынасына ғана емес, оның физикалық денсаулығына да теріс әсер етеді», – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Облыстық басқарма өкілдері жазғандай, көбінде науқас өз проблемасын түсініп, дәрігерге бара алмайды, сондықтан оның жақындары маманға жүгіну мәселесін өз қолдарына алуы керек.

«Амбулаториялық жағдайда құмар ойындарға деген тәуелділікті тоқтату өте қиын және үнемі ойынға қайта оралу қаупі болып тұрады .Сондықтан науқастың стационар жағдайында ем алғаны дұрыс шешім болып табылады.
Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығында мамандар бұл туралы кеңес беріп, құпия және тегін түрде көмектесе алады»,- делінген басқарманың хабарламасында.

Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу үшін мынаған мән беру қажет:

Күйзелісті азайту;
Жаман әдеттерді мүмкіндігінше жою;
Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен және шығармашылықпен, хоббимен айналысу;
Егер сізде жүйке бұзылулары немесе депрессия болса, дереу дәрігермен кеңесу керек.

Shares