Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қызылжарлық 54 оқушы лагерьлерге жолдама алды

Қызылжарлық 54 оқушы лагерьлерге жолдама алды

March 15, 2024 15:29

Қызылжар ауданында 13 мектеп директорына балалардың жазғы демалысы үшін сертификаттар табысталды. Қала сыртындағы лагерьлерге 54 оқушы жолдама алды. Бұл “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры ұйымдастырған қайырымдылық жобасының арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Бүгін мереке қарсаңында, Наурызнама аясында біздің мектепке жазғы демалысқа арналған 6 сертификат табысталды. 2023 жылы “Жаздық жолдама” жобасының арқасында біздің мектептің 4 оқушысы алғаш рет “Эдельвейс” лагерінде 2 апта демалды. Біздің балаларымыз өте жігерлі, жағымды көңіл-күймен оралды”, – деді №2 Бескөл орта мектебінің директоры Ботагөз Батанова.

Сонымен қатар, №2 Бескөл орта мектебінде ауыл оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды. Зияткерлік сайыс қараша мен қаңтар аралыңында өтті. Олимпиаданың аралық кезеңінде 200-ден астам оқушы Қызылжар ауданының намысын қорғады.

“Оның 46-сы жеңімпаз атанды. 18-і облыстық кезеңге қатысып, 7 оқушы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, республикалық кезеңге 3 оқушы қатысты, оның 2-і жеңіске жетті. Бүгін 22 оқушыны марапаттадық. Бұл – ауыл олимпиадасының облыстық және республикалық кезеңдерінің жүлдегерлері атанған аудан мектептерінің оқушылары”, – деді Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Әбдірахманов.

Өз кезегінде Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева ауыл олимпиадасының жүлдегерлеріне дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.

Shares