СҚО-да 255 қоғамдық көмекші полицияға тәртіпті сақтауға жәрдемдеседі

Солтүстік Қазақстан облысында полицияның үздік қоғамдық көмекшілері марапатталды. Олар – құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті сақтауға және профилактикалық жұмыстар жүргізуге ерікті түрде көмектесіп жүрген азаматтар. Өңірде осындай 255 қоғамдық көмекші тіркелген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Петропавлда «Қалалық және ауылдық жерлердегі полицияның үздік қоғамдық көмекшісі» байқауының жеңімпазы 25 жастағы құрылысшы Владислав Трасковский атанды. Ол 2022 жылдан бері қалалық полицияның Бірінші полиция бөлімінің №8 полиция пунктінің учаскелік инспекторларымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Владислав учаскелерді аралау мен рейдтерге қатысады, азаматтарды қабылдауға көмектеседі, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларын қарайды.
Бір жыл ішінде оның қатысуымен абаттандыру ережелерін бұзудың және ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты 35 факті анықталған. Ұлттық ұлан қатарында радиотелефонист болып қызмет еткен тәжірибесі де қоғамдық жұмысында көмектеседі. Әскери жиындар кезінде оған кіші сержант атағы берілген.
Жас маман құқық қорғау органдарының жұмысына қызығушылығы артқанын және полиция саласымен кәсіби болашағын байланыстыруды шешкенін айтады.
Ауылдық жерлердегі үздік қоғамдық көмекші – Шал ақын ауданындағы бастауыш сынып мұғалімі Марина Венинг. Ол мектепте 14 жылдан бері жұмыс істейді. Спортпен айналысады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектеседі және жазғы лагерь жұмысына қатысады.
Марина кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөледі. Полиция қызметкерлерімен бірге балалармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, оларға ақпаратты түсінікті әрі ақыл айтқандай емес, қарапайым тілмен жеткізуге тырысады. Жаңа оқу жылының басында педагог өз бастамасымен буллингтің алдын алуға арналған әлеуметтік ролик әзірлеген.
Байқау жеңімпаздарына дипломдарды СҚО ПД және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов табыстады. Ол қоғамдық көмекшілер өз үлгісімен азаматтық жауапкершіліктің және айналасындағыларға көмек көрсетуге дайын болудың маңыздылығын көрсетіп жүргенін атап өтті.
