Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев кезекте тұрғандарға жаңа үйлерді тапсыру мәселесіне тоқталды

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев кезекте тұрғандарға жаңа үйлерді тапсыру мәселесіне тоқталды

Бүгінде Петропавлда 47 алаңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 4 несиелік және 13 коммерциялық үй тапсырылып, халық қоныстанды. Қалғаны бойынша жұмыстар жалғасуда. Жалпы биыл 22 көппәтерлі үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 2000 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартады, бұл туралы Петропавл басшысы Серік Мұхамедиев баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Өз сөзінде пәтер кілттерін табыстау ісінде өте үлкен проблема бар, деп атап өтті қала басшысы.

“Пәтерлерді табыстау керек кезде кезекте тұрғандарды табу мүмкін болмайтын жағдайлар туындайды: адамдардың байланыс деректері ескірген, ал жаңаларын ешкім ұсынбаған. Біз тұрғындардан платформаларда мүмкіндігінше өздеріңіз туралы ақпаратты жаңартуды сұраймыз, сонда сіздің кезегіңіз жоғалып кетпейді”,- деді қала басшысы.

Жаңа үйлер салумен қатар, қалада ТҮКШ жаңғырту және кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін қалпына келтіру бағдарламасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта бағдарлама тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылуда.

“2022-2023 жылдары 20 үйді жаңғырту жүргізілді. 15 үйде төбе күрделі жөндеуден өтті. 5 үйде 16 лифт ауыстырылды. Сондай-ақ, 2023 жылы қалалық бюджеттен 130 млн теңге бөлініп, 1 тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізілуде. Келесі жылы жұмысты жалғастырамыз. 9 тұрғын үйде төбені жөндеу және 4 тұрғын үйде 22 лифт ауыстыру көзделіп отыр”, – деп атап өтті Серік Мұхамедиев.

Сондай-ақ, “Солнечный-2” және “Южный” шағын аудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инфрақұрылым салу және тарту жұмысы жалғасуда. Бүгінгі таңда “Солнечный-2” кентінде 68,2 шақырым сумен жабдықтау желісі, 53,9 шақырым автожол және 102,5 шақырым электрмен жабдықтау желісі тартылды және салынды. Жұмыс жалғасуда.

“Южный” шағын ауданында 43,5 км сумен жабдықтау желісі және 34,3 км автомобиль жолы салынды, электрмен жабдықтау желілерін тарту басталды. 32 км электр желісі мен 12 қосалқы станция тартылады және салынады. Жобаларды 2024 жылы аяқтау жоспарлануда”, – деп толықтырды қала әкімі.

Shares