Петропавлда «AMANAT» партиясы депутаттарының бірінші форумы өтеді
15 желтоқсан күні Петропавлда «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 1-ші форумы өтеді. Қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасын орындау мәселелерін талқылап, «AMANAT» партиясының депутаттық фракцияларының міндеттері туралы әңгімелейді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Форумда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ирина Эктова және экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов сөз сөйлейді.
Форумға 350-ден астам адам қатысады. Депутаттардан басқа делегаттар қатарында – ауылдық округтердің әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері болады.
Форум панельдік секциялардың жұмысымен аяқталады. Оның барысында қатысушылар өңір экономикасының нақты секторын дамыту – кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ТКШ, жолдар, солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, сондай-ақ депутаттардың ақпараттық кеңістіктегі аудиториямен жұмысы мәселелерін талқылайды.