Көлік министрі мен СҚО әкімі жол мәселелерін талқылады
СҚО жұмыс бабымен ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев келді. Облыстық әкімдікте министрлік басшысы және СҚО әкімінің қатысуымен жол саласының мәселелеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мемлекеттік органдардың алдында Президенттің республикалық маңызы бар жолдардың нормативті жағдайдағы үлесін 100%-ға және жергілікті жолдардың үлесін 95%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша бірлескен міндет тұр.
Жиында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов «Сергеевка-Дружба» учаскесіндегі «Жезқазған-Петропавл» және «Дәуіт-Кішкенекөл» бөлігіндегі «Көкшетау-Омбы» республикалық жолдарын жөндеу қажеттігін атап өтті. Курорттық аймақтағы жолдарға да ерекше назар аудару қажет.
“Сондай-ақ облыс орталығында Есіл өзені арқылы өтетін көпір мен айналма жол салу жоспарлануда. Оған қоса, облыс басшылығы Петропавл-Алматы бағытындағы «Тальго» пойызының қозғалысын сақтап қалуға мүдделі”,- деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Көлік министрі Марат Қарабаев пен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бірлескен хаттамаға қол қойды, онда жоғарыда аталған мәселелер мен оларды шешу жолдары көрсетілген.