Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдағы заманауи жылыжай кешенінде бір тоннадан астам қияр жиналды

Петропавлдағы заманауи жылыжай кешенінде бір тоннадан астам қияр жиналды

Петропавлда орналасқан заманауи жылыжай кешенінде бір тоннадан астам қияр жиналды. Мұны тарихи оқиға деп айтуға болады. QZ Media тілшісі тақырыпқа бойлап, істің мән-жайын білді.

Естеріңізге сала кетейік, “Солтүстік” ӘКК АҚ өңірдегі алғашқы заманауи жылыжай кешенін салу бойынша “Зеленый Север” ЖШС жобасын қаржыландырды. Толық қуатқа жеткенде, жылыжай аймақтың қияр мен қызанаққа деген қажеттілігін 30 пайызға жабады. Кешеннің жалпы ауданы – 3,7 га, өсіру алаңы – 3,2 га. Жылыжайда барлығы екі бөлімше бар. Аудандары – 1,2 га және 2 га. Қазір бір бөлім жұмыс істейді, онда қияр өсіріледі, ал екіншісін көшетті отырғызуға дайындайды. Қияр бөлімшесінде жалпы саны 34 мың көшет бар, тұқымдар Голландиядан әкелінді. Қияр 20 наурызға дейін жеміс береді. Содан кейін олар жаңа өсірілген көшеттермен ауыстырылады.

Бірінші партия супермаркеттерге жіберіліп жатыр. Олардың бағасы – келісіне 900 теңге. Жылыжай қиярларын “Солтүстік”, “Аймер”, “Семейный”, сондай-ақ “Пирамида”, “Айсберг” және “Сокол” сауда үйлерінен сатып алуға болады. “Зеленый север” ЖШС директоры Екатерина Асаенок атап өткендей, қиярды көтерме (оптом) сатып алуға да болады.

“10-11 кг қорап көтерме бағамен сатылады. Яғни, біз сауда үйлеріне, көтерме саудагерлерге өткізетін бағамен саудаланады. Мұнда кез келген адам келіп, арзан бағамен сатып ала алады”, – деп бөлісті Екатерина Асаенок.

Басшылық нарықты алдын-ала талдап, климаттың өзгеруіне және ауруларға төзімді ең танымал сорттарды таңдады. Келесі жылы олар қызанақ өсіре бастамақ. Ал жоспар – салат және жасыл өнімдерді өсіру.

Shares