СҚО-да ауыл тұрғынынан 900 литрден астам заңсыз алкоголь тәркіленді
Құрамында спирті бар сұйықтықтың ірі партиясын Қызылжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері қала маңындағы ауылдардың бірінен тапқан. 5 литрлік бөтелкелердегі спирт пен қолдан жасау белгілері бар арақ егде жастағы ауыл тұрғынының үйіндегі шаруашылық ғимаратында сақталған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бұл фактіні учаскелік инспектор анықтады. Алдымен әйел адам полиция қызметкерін 977 литр алкогольді өз қажеттіліктерім үшін алдым деп сендіруге тырысқан. Алайда полицияда ауыл тұрғынының 37 жастағы ұлы алкогольді “қолдан” сататыны туралы ақпарат болған.
“Тексеріс барысында бұл ақпарат расталды. Құрамында спирті бар өнімдер тәркіленді, жиналған материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін экономикалық тергеу департаментіне жіберілді. Алкогольдің заңсыз айналымына қарсы күрес қылмыстың алдын алудың маңызды құрамдас бөлігі, ол тұрақты негізде жүргізіледі”, – деді аудандық ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.