Петропавлда Ермек Қоңарбаевты еске алу кеші өтті
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында отандасымыз, белгілі жазушы Ермек Қоңарбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай әдеби кеш өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
СҚО – танымал және талантты жазушылардың, ақындардың, спортшылардың және қоғам қайраткерлерінің мекені. Солардың бірі – Ермек Қоңарбаев. Жазушының әдебиетке деген сүйіспеншілігі студенттік кезде пайда болды. Мектепте еңбек еткенде, содан кейін партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істегенде, ол еңбек адамдарының қарым-қатынасы мен олардың жетістіктерін байқауға, жазуға уақыт тапты. Оны еске алу кешіне келген шәкірттері де сағына еске алады. Жиында Ермек Қоңарбаевтың шығармашылығы туралы кеңінен айтылды.
“Шын мәнінде, оның мінезі жұмсақ болды, ол іс бойынша ғана сөйлейтін, жақсы адам ретінде есте қалды, бәрімен сыпайы еді. Мен қалада тұратындықтан, ол біздің үйге редакциядан жиі келетін. Маған өз жазбаларын көрсетіп, әрқашан менің пікірімді сұрайтын. Міне, ол осындай адам еді. Біздің жас айырмашылығымыз 9 жыл. Дегенмен, ол менен үлкен көрінбеді”, – дейді жазушының әпкесі Әзкен Садықова.
Шалақын жұрты Ермек Қоңарбаевпен мақтанады. Атақты жерлесіміздің Көктерек атты туған ауылында шағын мұражай бар. Онда жазушының жеке заттары сақталған.