Жүрек жұтқан жандар: Петропавлда суық суға түсетіндердің саны артуда
Петропавлда жыл артқан сайын мұздай суға түсуді құп көретіндердің саны ұлғайып жатыр. Әр демалыста қалалық жағажайға бара қалсаңыз, шомылуға келген ондаған адамды көресіз. Әртүрлі жастағы және әртүрлі салада еңбек ететін адамдар өздерін “моржбыз” дейді. Біле жүріңіз, суық су денсаулықты нығайтып қана қоймай, адам бойына адреналин сыйлайды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Петропавлдық “морждар” клубының негізі 50-ден аса адамнан тұрады. Экстремалдардың орташа жасы – 18 бен 70-тің аралығы. Бірақ 6-7 жастағы балаларын әкелетін ата-аналар да бар. Жас “морждар” да өздерінің ерік-жігерін сынап, қорқыныштан арылғысы келеді.
Мұндай процедура өзіңізді физикалық жақсы күйде ұстауға және иммунитетті нығайтуға көмектеседі. Ең бастысы – сүңгу алдында бұлшық етті жақсылап жылыту, судың ішінде тыныс алмау, шомылғаннан кейін сүртіну және ыстық шай ішу.
“Суық суға түсуді енді бастаған “моржға” батырлық танытпау керек. Адам сүңгіп, суық суда болған кезде дофамин бөлінеді. Осы сәтте сіз суық суда өте ұзақ бола аламын деп ойлайсыз. Ал бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндайға жол берудің қажеті жоқ. Бәрін рет-ретімен жасау керек. Сонда ғана бұл ісіңіз денсаулықты нығайтуға көмектеседі”, – деп атап өтті “морждар” клубының ұйымдастырушысы Ерік Мағамбетов.
Қоса кетейік, кез-келген адам “морждар” клубына жазыла алады.