2024 жылдың маңызды спорттық шаралары
ҚР Туризм және спорт министрлігінде жаңа жылда өтетін ірі спорттық іс-шаралар жайлы айтылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Жаңа жылдың басында, 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Канвондо қаласында (Оңтүстік Корея) IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасы өтеді. Оған қазіргі уақытта спорттың 5 түрі (10 қашықтық) бойынша 30 лицензия (42 спортшы) жеңіп алды.
Биылғы жылдың басты оқиғасы деп Париждегі жазғы Олимпиада ойындарын атауға болады. Ол 26 шілде мен 11 тамыз аралығында әлемнің 205 елінен келетін 10 мыңнан астам спортшының қатысуымен өтеді, додада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда біздің елдің қоржынында 17 лицензия бар (спорттың 8 түрі бойынша: садақ ату, велошоссе, мылтық ату, заманауи бессайыс, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс). Алда 90-ға жуық лицензиялық жарыс өтеді, сайыстарда жолдамалар санын көбейту мүмкіндігі бар.
Қазақстан үшін жылдың маңызды әрі тарихи оқиғасы – Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу (2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында).Әлемнің 100-ден астам елінен спортшылар қатысады деп күтілуде. Бағдарламаға 20 жарыс және 10 көрсетілім спорты кіреді. Солар бойынша 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулау, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтпек. Ұлттық құраманы даярлау жұмысы басталды, командалар құрамы қалыптастырылуда, оқу-жаттығу іс-шаралары өткізілуде.
Биыл Астанада әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте (Өзбекстан) өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми отырысында хабарланды. Федерация президентінің айтуынша, ІВА турнирінің жалпы жүлде қоры 4,8 миллион АҚШ долларын құрайды. Бірінші орын үшін спортшы 200 000 АҚШ долларын алады.
Сондай-ақ, 2024 жылдың қараша айында Астанада самбодан әлем чемпионаты жоспарланған. Өткен жылдың күзінде Ереванда өткен самбодан 48-ші әлем чемпионатына 65 ел қатысты, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қоламен үшінші орын иеленді.